Көру қабілеті нашар жандар қалада өзгенің көмегінсіз жүріп тұрғылары келеді

Зағип жандарға елде қаншалықты қолайлы жағдай жасалған? Олар қоғамдық орындарда өздігінен жүріп тұра ала ма?

21 жастағы Сәулет өздігінен жүре алмайды. 8 жасында басына су жиналып, көру қабілетінен айырылған. 

Сәулет Асанов, қала тұрғыны:

- Есігімнің алдында ғана өзім жүре аламын. Қалада және осындай жерлерге мен тек мамаммен келемін. Баспалдақтардан әрең түсемін. Кейде құлап қалуым да болады. Машиналар қорқынышты. Қатты айдайды, сондықтан қорқамын өзім. 

Жас жігіт қоғамдық орындарға ата-анасы мен бауырларының көмегінсіз барғысы келеді. Бірақ анасы баласын жалғыз жіберуге қорқады. 

Мәрия Батырбаева, Сәулеттің анасы:

- Мүмкіндігі шектеулі жандарға астанада жағдай жасалмаған. Тактильді тақтайлар қойылған жерлер көмектеседі ғой. Көбіне қойылмаған ғой сол. Вокзалдарда қойылған. Оны білем. Голосовойлар қойылған. Ойын-сауық орталықтарында қойылмаған.

Аудиогид бағдарламалары арқылы компьютер мен смартфон қолдануды үйренуі үшін Мәрия ұлын мүгедектер қоғамына алып келді. Өкініштісі сол, қоғамдық бірлестік кеңсесі көп қабатты үйдің жертөлесінде орналасқан. Бұл жерді екінің бірі таба бермейді. Тапса да көзі көретін дені сау адамның өзі төбедегі құбырларға басын соқпай өтуі неғайбыл. 

Қоғам басшысы Фархаттың 1 топтағы мүгедектігі бар. Соқырлық дерті 23 жасында пайда болған. Алматыда жасаған операциялар көмектеспеген соң күйзеліске түскен. Бірақ еңсесін тіктеп, өмір сынағына мойымады. Қол қусырып отырғаннан түк шықпайтынын түсінді. 2017 жылы игі кәсіпке бет бұрды. Тағдырластарына бар кеңесін аямай, білген, түйгенін үйретіп келеді. 

Фархат Кәтренов, мүгедектер қоғамының басшысы:

- Былтырдан бастап мына пандемия кезінде де белгілі болды. Бізге интернеттің және интернет арқылы жұмыс істеуіміз жағынан қажет болып кеткенін.

«Елімізде көзі көрмейтін адамдарға қаншалықты жағдай жасалған» деген сұрақпен сауалнама жүргізіп жүрген кезде көру қабілеті бастауыш сыныпта нашарлаған Ердәулетті жолықтырдық. Елорда тұрғынының айтуынша, тұқым қуалайтын сирек кесел оған әкесінен берілген. 

Ердәулет, қала тұрғыны:

- Кинотеатр, жаңадан аудиокітаптар көп пайда болады. Яғни сенің ойыңша, кинотеатр болсын, театр болсын музейлерде аудионұсқау, аудиогид міндетті түрде қажет па?

- Иә, қажет. Өйткені сол адамдар көп ақпарат білгісі келеді. Оларға да қызық болады.

Аялдамаларда автобустардың бағытын және қанша минуттан кейін келетінін хабарлайтын аудиохабарлама, тифлофильмдер мен оларды тыңдауға арналған құрылғылар, сөйлейтін бағдаршамдар және көшеде тактильді тақтайлардың көп болуы - зағиптардың негізгі сұранысы.

Мөлдір Шолатова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:

- 15 түрлі тифлотехникалық құралмен, жеке көмекші қызметтерімен, санаторлық-курорттық емдеу қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Өздерінің жеке оңалту бағдарламаларына сәйкес нәрсе. Сонымен қатар көзі нашар көретін 1-топтағы мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға инватакси қызметі көрсетіледі. Инватакси қызметін алушылардың саны 460-тай адам.

Мүгедектер және ардагерлермен жұмыс бөлімінің басшысы Мөлдір Шолатованың айтуынша, биыл жыл басынан 600-ден астам адам техникалық оңалту құралдарымен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ көру қабілеті нашар адамдарға қолайлы болу үшін биыл жыл соңына дейін Әлеуметтік қызметтер порталының интерфейсіндегі әр батырма аудиодыбыстау функциясымен толығуы мүмкін.

Мөлдір Шолатова, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының бөлім басшысы:

- Автобустарда дыбыстық сигналдар әрбір аялдаманы айтады. Қаламызда жағдайлар жасалған. Автобустардың ішінде айтады, бірақ аялдамалардың өзінде айта ма, қандай автобус келе жатыр, қанша минуттан кейін келеді дегендей? Аялдамалардың өзінде дыбыстық хабарландыру бола ма, жоқ па білмедім. Ол жөнінде қазір айта алмаймын. Барлық жолдан өту пешеходтық проходтарда дыбыстық сигнал бар екенін айта аламын.

Балалар мен аналар үйі бар. Қарттар үйі бар. Енді зағип жандар үйі болуы керек. Шамамен 2 жыл бұрын мүгедектер қоғамының өкілдері осындай ұсыныс айтқан еді. Тіпті жобалық жоспары мен сызбасы да әзір тұрған. Алайда пандемия кесірінен бұл проект тұралап қалды. Жалпы елордада мүгедектігі бар адамдардың саны 28 мыңнан асады. Оның ішінде 3 мыңнан астамының көру қабілеті бұзылған. Ал қос жанарынан айырылғандар саны 400-ге жуықтайды. 

Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы