Франция Нұр-Сұлтан әкімдігінен қаңғыбас жануарлар мәселесін қайта қарауды сұрап отыр

Францияның жануар қорғаушы ұйымдары Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігін қаңғыбас жануарлар мәселесін шешу жоспарын қайта қарауын сұрап отыр. Жуырда қала билігі көшелердегі иттерді аулап қыру үшін қомақты қаражат бөлуді сұрағаны белгілі болды. Жануар қорғаушыларының айтуынша, бұл шара діттеген мақсатына жеткізбейді, оған қоса жемқорлыққа да әкелуі мүмкін.

Брижитт Бардо қамқоршылық ететін Францияның ең белгілі жануарларды қорғау қоры еліміздегі ахуалға бұрыннан бері назарын аударып келеді. Бардо ханым тіпті президент Тоқаевқа хат жазған еді. Ал биыл құрал-жабдық сатып алуына көмектесіп, астаналық жануарларды қорғаушыларға қолдау көрсетті. Сонымен қатар қор мамандары Қазақстанға келіп, стерилизация бойынша семинарлар өткізуді көздеп отыр. Енді елордалық әкімдіктің жоспарын естіген олар алаңдаушылық танытып отыр. 

Брижитт Олуа, жануарларды қорғау қорының өкілі:

- Нұр-Сұлтан әкімдігі мұндай қаражатты қандай мақсатта сұрап отырғанын білу керек. Менің ойымша, бұл барлық қаңғыбас жануарды сәйкестендіру, вакциналау мен ұрықсыздандыру үшін тым көп ақша. Егер мақсаты осы болса, біз тек құптар едік. Алайда мұның бәрі қаңғыбас иттерді аулап қыру үшін жасалып жатса – бұл өрескел шара. Өйткені әкімдік бюджеттік ақшаны жекеменшік компанияларға бөледі. Астарында жемқорлық болуы әбден мүмкін. 

Иттерді аулап қырғаннан мәселе шешілмейді, дейді жануарларды қорғаушылар. Қалалардағы қалыптасқан экожүйе қаңғыбас иттерден толығымен құтылуға мүмкіндік бермейді. Нақты аумақ тазаланғанымен орыны тез толып отырады. Бұл шараның орнына жануарларды сәйкестендіріп, вакциналап, ұрықсыздандырып, мекеніне қайтару тиімдірек. Көптеген ел осы әдісті қолданып келеді. Франция Еуропада үй жануарларының саны бойынша алдыңғы орындағы мемлекет. Елде 14 миллионға жуық мысық пен 8 миллион ит бар. Дегенмен, қатал заңға қарамастан көшені кезген жануарлар да кездеседі. Мысалы, мысық немесе итті далаға қаңғытып жібергені үшін 2 жыл бас бостандығынан айыру немесе 35 мың еуро мөлшерінде айыппұл төлеу жазасы қарастырылған. Алайда мұндай қылмысты дәлелдеу қиын.

Шарли атты мысық локдаун кезінде Париждегі журналистің үйінде пана тапты. Жануарларды қорғау қауымдастығының өкілдері оны аулау қызметінен алып, жаңа иесіне тапсырған. Десе де, бұл оңай шаруа емес, жануардың жаңа иесі 250 еуро төлеп, өзінің жауапкершілігі мол азамат екенін дәлелдеуі тиіс.

Астрид Вендландт, журналист:

- Келіп тұрып жатқан баспанаңызды көреді. Мәселен, менен терезелеріме тор орнатуды сұрады. Пәтерлерді аралап, кеңдігіне және үй жануарын ұстауға ыңғайлы ма, соны тексереді. Мысалы, ауданы 20 шаршы метрлік студия-пәтер мысық үшін тар болады. 

Франция билігі үйде жануар ұстағысы келетіндерге міндетті сертификат енгізіп, оларды сататын нысандардың санын шектеді. Сондай-ақ алғаш рет жануарлар мәселесі бойынша зерттеу орталығын ашпақ.  

Әлия Сыздықова, Руслан Өміржан