424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

ҚР БҒМ комитеті 14 кәмелетке толмаған баланың құқығын бұзу фактілерін анықтады

  • 100
  • UPD: 13:29, 25.06.2021
ҚР БҒМ комитеті 14 кәмелетке толмаған баланың құқығын бұзу фактілерін анықтады Известия

ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау Комитетінің қызметкерлері 14 кәмелетке толмаған балаға қатысты еңбек заңнамасын бұзу фактілерін анықтады. Жұмыс берушілер еңбек шартын жасамастан 14 жасөспірімді жұмысқа тартып, олар күні бойы еңбек еткен. Бұл балалар еңбегін қанауға қарсы ұлттық ақпараттық науқан барысында анықталды.

Іс-шара шеңберінде балалар еңбегін қанау мәселесі және бұл проблеманың бала мен қоғам үшін тигізетін салдары туралы түсіндіру жұмыстары, азаматтарды хабардар ету шаралары жүргізілді.

«Ақпараттық науқан еліміздің барлық өңірінде жүргізілді. Түсіндіру жұмыстары барысында Түркістан, Қарағанды және Ақмола облыстарында балалар еңбегін заңсыз пайдалану фактілері анықталды. Дәмханада даяшы және құрылыс алаңдарында жұмысшы болып еңбек еткен он төрт жасөспірімнің құқығы бұзылды. Жұмыс берушілер оларды заңсыз негізде толық жұмысқа тартқан. Заң бойынша 14 пен 18 жас аралығындағы кәмелетке толмағандар үшін қысқартылған жұмыс уақыты белгіленуі керек. Сондай-ақ жасөспірімдермен және олардың ата-аналарымен еңбек шарттары жасалмаған», – деді ҚР БҒМ Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Есенғазы Иманғалиев.

Балаларды еңбекке заңсыз тарту фактілері анықталғаннан кейін жұмыс берушілермен және кәмелетке толмағандардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес, он төрт жасқа толған оқушыларға оқудан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін жұмыстарды орындауға рұқсат етілетінін айта кеткен жөн. 14-16 жас аралығындағы балалар аптасына 24 сағаттан, 16-18 жастағы жасөспірімдер аптасына 36 сағаттан артық жұмыс істемеуі керек. Бұл ретте, жұмыс беруші кәмелетке толмаған баланың өзімен, оның ата-анасымен, қамқоршысымен немесе бала асырап алған ата-анамен еңбек шартын жасауға міндетті.

ҚР БҒМ баспасөз қызметі

Хабар 24 телеарнасы