Алматы облысы Қарасай ауданында ірі жылыжай ашылды

Алматы облысының Қарасай ауданында ірі жылыжай ашылды. Аумағы 5 гектар болатын заманауи кешенге 5,5 млрд теңге инвестиция салынған.

Нәтижесінде Елтай ауылдық округінде тұратын 100-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылды. Жылыжай автономды жылыту және климаттық бақылау жүйесі секілді жаңа технологиялармен жабдықталған. Ауаны ылғалдандыру, жарық беру, топырақсыз өсіру, тамшылатып суару жүйесі де бар. Қажетті инфрақұрылым «Бизнесті қолдау» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізілген. Оған облыстық бюджеттен 330 миллион теңге бөлінді. Әзірге бұл жылыжай қызанақ өсіреді. Алдағы уақытта жылыжайдың аумағы тағы 5 гектарға ұлғайтылып, қияр өсіру қолға алынады.

Жандарбек Далабаев, Қарасай ауданының әкімі:

- Бүгінде бұлардың бюджеттік салымы 100 миллионға жақын төлемақысы. Ал енді бұл кешен толығымен экспортқа бағытталған. Жылына қазіргі таңда 1,5-2 мың тонналық өнім өндіріледі. Келешекте толыққанды жұмыс істеген кезде 3,5 мың тонна өнім өндіріп, экспортқа шығарады.