Той жасаған мақтааралдықтар жауапқа тартылды

Түркістан облысы карантинге қарамастан 100-ге жуық адамды жинап, үйлену тойын жасаған тұрғын анықталды, – деп хабарлайды «Хабар 24» Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қазіргі таңда карантин режимі енгізілгеніне байланысты Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізуде. Осыған қарамастан, облыс тұрғындары ағайын-туыс, дос-жарандарын шақырып, ұлан-асыр той жасауларын тоқтатар емес. Мәселен, Мақтаарал АПБ-ның қызметкерлері кешкі сағат 21:00 шамасында жергілікті тұрғынның үйінде үйлену той өткізіп жатқанын анықтады. Тойға 100-ге жуық адам жиналған. Мобильдік топ мүшелері жиналған жұртшылыққа түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, тойды дер кезінде тоқтатты. Тәртіп сақшылары той иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормаларды бұзу) бойынша іс-құжаттар жинақталып, заңды шешім қабылдау үшін Мақтаарал аудандық СЭББ-ға жолдады.

Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері барлық азаматтарға карантин кезінде сақтық шараларды ұстанып, адамдар көп шоғырланған жерлерге бармауды, басқосулар мен той-жиындарды жасамауды ескертеді. Карантин ескерілмей, құқық бұзушылыққа жол берілген жағдайда, заң аясында жауапкершілік қарастырылған. Сондықтан немқұрайдылық танытпай, өз саулықтарыңыз үшін карантин талаптарын ұстанғандарыңыз жөн.