Семейде қоғамдық көліктер тоқтап қалды

Семейде «SEMEY BUS» компаниясына тиесілі қоғамдық көліктер тоқтап қалды.

Жүргізушілер төртінші күн жұмысқа шықпады. Бір жыл ішінде бұл оқиға 10 рет қайталанды. Басты себебі уақытылы жалақының төленбеуі және зейнетақы жарналарының аударылмауы. Жолаушылар тасымалдауда іркіліс болмас үшін қала әкімдігі уақытша 2 айлық мерзімге «Семавтопаркпен» жаңа келісім жасаған еді. Алайда автобус тапшылығының зардабын халық көріп отыр. Тіпті тұрғындар таксимен жүруге мәжбүр.

Семей қаласының әкімдігі сәуір айының ортасында «БРК-лизинг» Акционерлік Қоғамына бір жарым миллиард теңге қарыз болып қалған «Semey Bus» кәсіпорнымен жолаушылар тасымалы жөнінде жасаған келісім-шартын үзді.

Естеріңізге сала кетейік, «Semey Bus» компаниясы осыдан 2 жыл бұрын құрылған. Кәсіпорын 170 автобусты несиеге алғанмен, оны төлей алмай «БРК-лизинг» Акционерлік Қоғамы борышкерге дефолт жариялады. Өйткені лизингтік компания алдындағы қарыз 1 миллиард теңгеден асқан. Бұдан басқа да әлеуметтік төлемдер мен жанар-жағармай шығындары өтелмеген.

Гүлнар Сембаева, қала тұрғыны:

– Бұл енді сұмдық қой, бір бірімен өзара келісе алмайды. Бұл жерде халық зардап шегіп отыр. Халықты ойлайтын Үкімет болса, жағдайды жасау керек қой тезірек. Міне, сағаттап аялдамада тұрады, жұмыстан қалады, көресіні халық көріп отыр.

Әйгерім Байеділова, қала тұрғыны:

Ескі автобустар жүреді, бірақ арақашықтығы 1-2 сағат тосып қаласың, көп тосасың. Келгеннің өзінде сыймай қаласың. Автобусқа сыймай қиналасың, екіншісін тосып отырасың. Валидатор жоқ, JPS-тен де көрінбейді олар. Жету өте қиын, такси тоқтамайды, бағасын. да қымбататтып жіберді

Айгүл Желдібаева, қала тұрғыны:

– Таңертең жұмысқа кешігеміз. Кешке таман аялдамада көп тұрамыз, міне, қазір де көріп тұрсыздар, автобус жоқ. Автобустар жиі жүрсе екен дейміз, жасыл болса да, қайсысы болса да, өтінішіміз сол.

«Semey Bus» компаниясы қаладағы 40 бағыттың 24-іне қызмет көрсетіп келген. Қазір бұл жұмысты «Семавтопарк» және «Таксомотор паркі» автобустары атқарып жүр. Ал 18 маусымда Нұр-Сұлтанның мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты «Өнеркәсіпті дамыту қоры» Акционерлік Қоғамының «Semey Bus» кәсіпорнынан 170 автобусты талап ету туралы талап арызын толығымен қанағаттандырды.

Дмитрий Гариков, Семей қаласы әкімінің орынбасары:

– 18 маусымдағы Жоғарғы Соттың шешіміне шағым білдіруге бір ай уақыт берілген. Әзірге ондай шағым түспеді. Шілденің 17-сінде ондай шағым түсірілсе, тағы бір ай ол қаралады. Сонда мәселе бір жағына шығу үшін 2 ай уақыт керек. Дегенмен біз жағдайды ушықтырмай, халыққа сапалы қызмет көрсету жолдарын барынша қарастырамыз.

Қалалық әкімдік 2 айдан кейін қаладағы жолаушылар тасымалы бойынша қайтадан конкурс өтіп, жағдай толық тұрақталатынын айтып отыр.

Авторлары: Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы