424,53 504.60 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Хабар 24» телеарнасының тілшілері карантин кезінде...

  • 179
  • UPD: 20:43, 25.06.2021

Карантин кезінде қалам ұстаған қауым да қауырт қызметте болды.

Әсіресе, тәулік бойы ақпарат тарататын «Хабар 24»телеарнасының иығына ауыр жүк артылды. Тәулігіне 24 сағат. Аптасына 7 күн. Жаңалықтар бір сәтке де тоқтаған жоқ. Тілшілеріміз қауіпті жерлерден сағат сайын тікелей эфирге шығып, халыққа ресми мәлімет беріп отырды. Еліміздің әр өңіріндегі әріптестер еңбегі ерен.

ҚАРАҒАНДЫ

«Хабар 24» телеарнасының тілшілері карантинде де күндіз-түні хабар таратты. Қарағандылық әріптесіміз Дәуренбек Бағдәулетұлының енді ғана жұмысқа кірген кезі. Бұқар Жырау ауданы Қарақұдық ауылының жанында әскери ұшақ құлады. Түсірілім тобы апат болған жерге бірініші болып жетіп, сағат сайын ақпарат берді. Кері қайтарда қала карантинге жабылып қалған.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, «Хабар» АГЕНТТІГІ» АҚ «ХАБАР 24» арнасының қарағанды облысындағы тілшісі:

– Біреуіне келеміз, ол жол жабық тұрады. Екіншісіне келеміз, ол жол тағы да жабық. Қарағандыда жұмыс орнымызға жете алмай жатырмыз, әйтеуір бір жолдармен жүріп келе жатсақ, біздің жүргізуші жігіт: «бензин аз қалды, біраз уақыттан кейін таусылады», - дейді. Қарағанды әлі көрініп те тұрған жоқ. Ен дала, жанармай бекеті жоқ. Әйтеуір адасып жүрдік. Локдаун. Карантин кезі болатын.

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ

Өңірлердегі меншікті тілшілер ең қауіпті жерлерден тікелей эфирге шықты. Ал Түркістан облысындағы әріптестерімізге тіптен қиын болды. Естеріңізде болса, Мақтарал ауданын су басып, 9 ауылдың халқы көшірілді. Меншікті тілші Жандос Жұмабекте түсірілім тобымен бірге осы жағдайға қарамастан жұмыс істеді.

Жандос Жұмабек, «Хабар» АГЕНТТІГІ» АҚ «ХАБАР 24» арнасының Түркістан облысындағы тілшісі:

– Су тасқыны аймағында, тағы басқа жерлерде жүрген кезде компьютермен отырып жазатындай мүмкіндік болмай қалады. Сондықтан оқиға басында телефонмен де жазып, ақпарат таратқан уақыттар болды. Бұның барлығы кәсіби маман ретінде біздің одан сайын шыңдалып, тәжірибе жинауымызға көп мүмкіндік берді деп айтуға болады.

ПЕТРОПАВЛ

Ақпараттың алғы шебінде әріптесіміз Зайра Жақыпова да жүрді. Жалғыз емес. Ол кезде ішінде егіз ұлдың жүрегі соғып жатқан.

Зайра Жақыпова, «ХАБАР» АГЕНТТІГІ» АҚ «ХАБАР24» арнасының  СҚО бойынша меншікті тілшісі:

– Әрине, қорқынышты болды. Іштей қорықтым. Өйткені аяғым ауыр болды. Қорықсам да, жұмысымды істедім. Берілген тапсырмаларды орындадым.

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫ

Мектеп, балабақшалар жабылды. Көптеген әріптесіміз балаларын қайда қалдырарын білмей, өздерімен бірге ертіп жүруге мәжбүр болды. Өскемендік Эльмира Ахметованың қызы анасымен түсірілімдерге шығып, редакцияда болды.

Раяна Әлібек, Өскемен қаласының тұрғыны:

Мен анамжұмысқа барса, жұмысқа барамын. Үйге қайтса, үйге қайтамын. Съемкаға барса, тағы онымен еріп жүремін. Кейде шаршап кетемін. Ылғи мамамның қасында жүремін. Өйткені, карантин басталғалы менің мектебім жабық болды.

Бүгінгі таңда «Хабар 24» - тің тілшілер қосындарында 100-ден аса адам жұмыс істейді. Олар: журналист, оператор, видео және жылжымалы телестанция инженерлері мен көлік жүргізушілер.

Авторы: Айдарбек Айтмұхамбетұлы

 

Хабар 24 телеарнасы