Ақтаулық кәсіпкерлердің басын қосқан «бизнес-алаң»

«Бизнес-алаң» шарасына 30 кәсіпкер қатысты.

Олар әзірлеген тәттілер, киіз үй жабдығы, киім-кешек, ағаш және тоқыма өнімдері «Достық үйінде» жәрмеңкеге қойылды. Тұрғындар тамашалап қана қоймай, ұнатқан тауарын сатып алып жатты. 26 жастағы Ербол Бейнеубай жасаған бесіктер де көпшілік көңілінен шықты. Шебер жігіт кәсіп бастау үшін 580 мың теңге грант алған.

Ербол Бейнеубай, жеке кәсіпкер:

«Бизнес-бастау» жобасына қатысып, грант ұтып алған болатынмын. Соған құрал-жабдықтар алдым. Қазір гаражда жұмыс жасаймын, 30 квадрат кешенде. Үлкейгім келеді. Қазақи ою-өрнегіміз бар, бесігіміз, сандығымыз бар. Соларды жаңа дизайнмен заманға сай қылып әкелу. Бренд жасау басты мақсат.

Бүгінгі кездесуді аймақ әкімдігі кәсіпкерлер палатасымен бірге өткізді. Оған «Еңбек» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына қатысушылар шақырылды. Жәрмеңкеден бөлек бизнес-ортада беделді азаматтар жас кәсіпкерлерге істі неден және қалай бастау керектігін түсіндірді. Үздік танылған 10 жобаны сәтті жүзеге асыруға кеңесімен бөлісті.

Аққу Айтжанова, аймақтық Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Он жаңадан басталып келе жатқан кәсіпкерлер өздерінің идеяларына презентация жасап, оған инвестор іздейді. Қолөнер саласында, қызмет көрсету саласында бар Pitching-идеялар. Өнім шығаратындары да бар. «Бастау-бизнес» бізде пилоттық режимде 2017 жылы басталып кеткен. Қазіргі таңда 6 мыңға жуық адам оқып, оның 30 пайызы яғни 2 мыңдай адам өз бизнесін бастап кетті.

Маңғыстау облысында мемлекет қолдауымен бизнес ашқан кәсіпкер саны соңғы екі жылда 30 процентке көбейді.

«Бизнес-алаң» шарасы олардың басын қосып, бір бағытта табыс тауып жүрген іскер азаматтардың бірігіп кәсіпорын құруына мүмкіндік береді» – дейді ұйымдастырушылар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев