Жамбыл облысында есірткіге қарсы күрес күшейтілді

Жамбыл облысы Шу ауданында аса ірі көлемде есірткі тәркіленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полицейлер күдікті көлікті тоқтатып, жүк салғышынан 4 қапқа салынған 97 келіге жуық кептірілген марихуана табылды. Аталған дерекке қатысты қылмыстық іс қозғалды. Қазір өңірде есірткіге қарсы күрес жұмыстары күшейтілген. Шу ауданында 450 гектар қарасора шабылып, 16 тоннадан астам есірткі жойылды.

Айта кету керек Меркі, Шу, Мойынқұм, Байзақ, Тұрар Рысқұлов ауданындарының аумағында 148 мың гектар құмды алқапта қарасора өседі. Жылда дәл осы мезгілде есірткі дайындап, оңай олжаға кенелгісі келетін қылмыскерлер көбейеді. Олардың жолын кесу үшін қазір «Дельта-Долина» жасағы күндіз-түні алқапты қорып жүр. Полицейлер соңғы 20 күнде 10 қылмысты анықтап, күдіктілерді қамауға алды.

Нұржан Топашев, «Дельта-Долина» жасағының бастығы:

- Осы құмды алқапқа келеді. Олар жасырын түрде келіп осы жерде қарасораны дайындайды. Соның біз алдын алуымыз керек. Күндізгі және түнгі мобильді топтар бар. Қазіргі таңда қатаң режимде жұмыс жасалуда. Арнайы операция бірінші маусымнан 30 қазанға дейін созылады.