Биыл ОКҚ алаңында 10 мыңнан аса сұрақ қойылды

Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнін Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің өкілдері де атап өтуде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар осы кезге дейін атқарған жұмыстарын қорытындылады. Сонымен, биыл басты ақпараттық алаңда тілшілер тарапынан спикерлерге 10 мыңнан аса сұрақ қойылған. Орталық коммуникациялар қызметінің YouTube, Facebook-тегі желісінде және «Хабар 24» арнасында министр, вице-министр, әкімдердің қатысуымен ұзын-саны 12 мың минут болатын баспасөз мәслихаттары өтті. Осының нәтижесінде бұқаралық ақпарат құралдарында 35 мыңнан аса ақпарат таратылды. Басшылық мұның бәрі ұйымдасқан ұжымның арқасы деп отыр. Ол жерде журналист, модератор, оператор, режиссерлердің және өңірлік коммуникациялар қызметі өкілдерінің еңбегі ерен.

Руслан Алишев, ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директоры:

- Біз алдымызға маңызды міндет қойдық. Біріншіден, биыл алаңымызда өткізілетін баспасөз мәслихаттарының санын шамамен бір жарым есеге көбейттік. Барлық министрмен келістік. Енді олар әр тоқсан сайын алаңымызға шығып, өзекті мәселелер бойынша сұрақтарға жауап беріп тұрады. Бұдан бөлек, ай сайын барлық министрлік өкілдері, оның ішінде вице-министрлер, комитет төрағалары, ведомстволық ұйым басшылары да түрлі брифингтерге қатысып, сұрақтарға жауап беретін болады.