Қостанай облысындағы қоғамдық тамақтандыру орындарында сақтық шаралары сақталмайды

Қостанай облысында карантиндік талаптарды бұзғаны үшін үш қоғамдық тамақтандыру орны уақытша жабылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сот шешімімен олардың жұмысы үш айға тоқтатылып отыр. Соңғы жарты жылдың ішінде мониторингтік топ өңірде 8 мыңнан астам тексеріс жүргізген. Тексерушілер барлығы 24 мың қызмет көрсету нысандарында болған. Нәтижесінде 643 жеке кәсіпкердің карантиндік шарт-талаптарды бұзғаны анықталды. Негізінен қорғаныш заттарының жоқтығы, жұмыс уақытының сақталдмауы сияқты құқық бұзушылықтар жиі кездеседі. Арасында бір емес, бірнеше рет ескерту алып, жаза тартқандары бар. «Бірақ солардың көбі сақтық шараларына атүсті қарайды», - дейді мамандар.

Дәметкен Макубаева, Қостанай облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бас маманы:

- «Карабұтак-Қостанай» тас жолының бойындағы қоғамдық тамақтандыру орнында бірнеше рет карантиндік шарт-талаптарды бұзу жәйттері анықталды. Бірде қорғаныш хаттары болмай шықты. Енді бірде арақашықтықты сақтау белгілерін көре алмадық. Тіпті келгендерге қол жуатын сабын қойылмаған. Міне, осындай кемшіліктер жиі ұшырасады.