Шенеуніктер арасында киберспорттан арнайы турнир ұйымдастырылды

Қазақстанның киберспорт федерациясы олар үшін арнайы турнир ұйымдастырды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жүлде қоры белгіленіп, үздік шыққандарға кубок пен бағалы сыйлықтар ұсынылды. Қатысушылар арасында елдің Қаржы вице-министрі мен Парламент Мәжілісінің депутаты да болды. Сондай-ақ мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен басқа да мекеме мамандары да бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұдан кейін турнирді дәстүрге айналдыру көзделіп отыр.

Бақтияр Қожахметов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Маған негізі стратегиялық ойындар ұнайды. Ол ойлау қабілетті жақсартады. Виртуалды футболға келсек, ол да қызық. Осы спорт түрінің кеңінен насихатталуына көмектеседі. Мемлекеттік қызметшілер де адам. Олар жұмыс орнында тапжылмай отыра бергеннен арасында осылай ойын ойнап, ой сергіткендері дұрыс.