424,46 504.55 5.81
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақмола облысынан ежелгі металлургия кеніші табылды

  • 132
  • UPD: 17:59, 26.06.2021

Археологтар Ақмола облысында ежелгі металлургия кенішін тапты. Көне заманның өндіріс ошағы Зеренді ауданындағы Қошқарбай қонысында жатыр. Металл балқытатын пештер қола дәуірінде салынған деген болжам бар. Ескі кеніш облыс орталығынан 35 шақырым жерде тұр. 

- Дайын руданы мына жерге әкеп қойып, формаларды жасап, балқытып, сосын дайын формаларға құяды негізі, міне осындай форма...

Археологтың айтуынша, бұл маңайда осындай 20 шақты пеш бар. Олар жер бетіне жақын орналасқанына қарамастан жақсы сақталған. Әр пештің айналасында ағаштың күлін, түрлі қоспалар мен жартылай балқытылған тастарды да көруге болады. Енді мұның барлығы жан-жақты зерттеледі. 

Қуаныш Шақшақов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:

- Бұл жерге радиокарбонды, радиоуглеродты сараптама жүргізу керек. Егер биоматериал шықса, ДНК жасату керек. Металл шығады ғой, әрине бұл жерден. Металлографика анализдерін жасау керек бұл жерге. 

Алайда бұл сараптамалардың барлығы келесі жылы жасалмақ. Себебі оған қаржы бөлінуі қажет. Ал биыл жазда әзірге бұл маңай толық зерттеледі. Шикізат алатын кен орыны да балқыма пештеріне өте жақын жерде орналасқан. Археологтар мұнда тіпті арба іздерін де байқағандарын айтады. 

Дамир Берікұлы, тілші:

- Ал мынау қола дәуіріне тиесілі пештің орыны. Себебі оның құрылымы мен көлемі осыған дейін табылған пештерге өте ұқсас дейді мамандар. Ал мына артымда тұрған жазықта айналасы 20 шаршы шақырым аумақта әлі зерттелмеген 250-ден астам археологиялық ескерткіш бар екенін айтады мамандар. 

Қошқарбай қонысынан бөлек Красный яр елді мекені жанынан табылған Ботай мәдениетінің тағы бір тұрағы да биыл зерттеліп жатыр. Оған кәсіби мамандармен қатар Зеренді және Жақсы аудандарының оқушылары атсалысуда. Қазба жұмыстарын жақында ғана бастаған олар қазірдің өзінде олжалы.

Жасұлан Үкеев, облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкері:

- Тастан жасалған жебенің ұштары, тастан жасалған еңбек құралдары табылып жатыр. Және де қоланы алғашқы игере бастаған кездегі қоладан жасалған еңбек құралдары табылуы мүмкін. Әзірге қоладан жасалған еңбек құралдары табылған жоқ. Бірақ қыш ыдыстардың фрагменттері табылып жатыр. 

Ал археологиялық қазба жұмыстары барысында табылған жәдігерлер Алматы және Қарағанды қалаларына лабораториялық зерттеуге жіберіледі. 

Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы