Павлодарда созылмалы ауруы бар және егде жастағы адамдар вакцинаны үйден салдыруда

Павлодарда созылмалы ауруға шалдыққан немесе жасы келген адамдар коронавирусқа қарсы екпені үйлерінде салдырып жатыр. Бұл қызметті медицина бригадалары өздігінен жүре алмайтын жандардың өтініші бойынша жүзеге асырады. Соңғы күндері Ертіс өңірінде вакиналау қарқыны үш есеге өскен.

Жедел жәрдем бригадасы 80 жастағы Елена Безроднаяның үйіне барды. Зейнеткер алдын ала емханаға өтініш беріпті. Жұқпалы аурудан қорғану үшін осындай қадамға барғанын айтады. Емханаға өз аяғымен барып екпе салдыруға денсаулығы жарамайды. 

Елена Безродная, қала тұрғыны:

- Біздің денсаулығымызға көңіл бөліп жатқандары үшін алғыс айтамын. Үйге іздеп келеді деп ойламаппын. Вакцинадан шет қаламын ба деп уайымдап жүр едім. Аяғым ауырады. Жүре алмаймын. 

Дәрігер алдымен науқастың денсаулығын мұқият тексеріп шықты. Жақпайтын көрсеткіші жоқ. Вакцина жасауға болады. Кейуананың жағдайын алдағы үш күнде учаскелік дәрігер бақылайды. Қарт адам 21 күннен кейін вакцинаның екінші компонентін алады.

Павлодарда вакцинаны үй жайында жасату қызметіне сұраныс артты. Екпенің түрлерін тұрғындар өздері таңдайды. Басымдылық жасы келген адамдар мен инсульт алған науқастарға беріліп отыр. Бір күнде медициналық бригада 10 адамның үйіне барды.

Нұрсұлтан Ғабсаттаров, дәрігер:

- Бізде дәл қазір төрт түрлі вакцина түрі бар. Ол ең бірінші қазақстандық КазКовидИн (QazCovid-in) вакцинасы. Ресейлік «Спутник V» Гам-КОВИД-Вак вакцинасы және де БАӘ-нің Hayat-Vax вакцинасы және де Қытай Республикасының КоронаВак вакцинасы. Әр вакцина әрбір пациенттің өзінің таңдауы бойынша жасалады.

Соңғы күндері облыста вакцина жасатушылар саны айтарлықтай өсті. Тұрғындар өздері ниет білдіріп жатыр. Павлодар облысы жуырда ғана вакциналау қарқыны төмен аймақтар қатарына ілігіп, тіпті «қызыл аймаққа» кірген еді.

Айдар Ситқазинов, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Өткен аптада вакцина алушылар саны орташа есеппен 1,5 мыңдай болатын. Осы аптада көрсеткіш 3,5 мыңға жетті. Вакцина алуға ниет білдіргендер қатары өте көп.

Павлодар облысында коронавирусқа қарсы екпенің бірінші компонентін 109 мың 974, екінші компонентін 72 мыңнан астам адам алған. Мамандар вакцина қоры жеткілікті дейді. Демалыс күндері қалада жылжымалы медициналық кешендер жұмыс істейтін болады.

Қ.Қасиетова, С.Оспанов, М.Игликов, Ж.Темірболат