Алматы облысында электр желілерін жаңалауға қаражат қажет

Жетісу жерінің бұрынғы Талдықорған облысына қатысты бөлігінде 12 мың шақырымнан астам электр желісі болса, соның 70 проценті жаңалауды қажет етеді.

Ал оны жаңғырту жұмыстарына соңғы он жылда 6 млрд теңге бөлінген. Ал биыл бұл мақсатқа  700 млн теңгеге жуық қаржы қаралды. Оған Панфилов ауданында бағана орнатылып, жаңа желілер тартылды. Қазір үйді-үйдегі есептегіш құралдарды ауыстыру және қосалқы станцияларды жаңалау жұмыстары жүріп жатыр. Соңғы үлгідегі есептегіш ондағы мәліметтерді компьютер арқылы бір орталықтан алып отыруға мүмкіндік береді. Демек электр энергиясын таратумен айналысатын мекемелердің қызметкерлері көрсеткіш алу үшін бұрынғыдай үй араламайтын болады.

«Бізде өткен ғасырдың 40-50-ші жылдары орнатылған қосалқы станциялар әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. Ал жаңғырту жұмыстарына қаржы жеткілікті көлемде бөлініп жатқан жоқ. Мұндай қарқынмен электр желілерін жаңғырту жұмыстары 70 жылға дейін созылатын түрі бар. Сондықтан бұл мәселені үкіметтік деңгейде шешу керек», – дейді мамандар.

Серғазы Желдібаев, «ТАТЭК» АҚ атқарушы директоры:

– Осы он жылдың ішінде 27 мың есептегіш құралын ауыстырдық. Он жылдың ішінде біз 10-ақ пайызын ғана жаңғырттық. Ақшамыздың жеткені сол. Бөліп жатқан қаржы, әрине, жетпейді. Өзіміздің санағымыз бойынша біздегі бүкіл желілердің, жаңағы қосалқы станциялардың бәрін жөндеуге шамамен 47-50 млрд. теңгедей ақша керек. Енді өзіңіз ойлаңыз, жылына 600 миллионнан ақша бөлсек, қанша жылда оны жасап боламыз? Біз жасап болғанша, бұрынғы салынғандары сол шамаға қайтып келеді. Сондай мәселеміз бар.

 

Сондай-ақ...