Елордада шағын футболдан Сейдахмет Бердіқұлов атындағы турнир басталды

Елордада шағын футболдан Сейдахмет Бердіқұлов атындағы турнир кезекті рет жалауын көтерді. БАҚ қызметкерлері арасында өтетін ала доп додасына биыл 16 команда қатысып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында Шымкент, Петропавл, Қарағандыдан арнайы келген журналистер ұжымы бар. Биыл жарысты өткізуге Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі демеушілік жасаған. Турнирдің жалпы жүлде қоры 2 миллионға жуықтайды. Алаңда жеңімпаз командамен қатар, жекелей көзге түскен ойыншылар да марапатталады. Белгілі публицист, қазақ спорт журналистикасының атасы атанған Сейдахмет Бердіқұлов турнирін өткізу 1994 жылдан бері дәстүрге айналған. Тілшілер қауымы үшін бұл жарыстың орны бөлек.

Кемелбек Ойшыбаев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі:

– Бұл турнирдің ұйымдастырылуының өзіндік маңызы зор. Себебі С. Бердіқұлов ағамыздың қазақ спорт журналистикасына қосқан үлесі мол. Сондықтан бұл турнирдің мақсаты – журналистика саласындағы мамандарды бір-біріне жақындастыру, ынтымақтастығын арттыру, достық қарым-қатынасты нығайту. Журналистер арасындағы қарым-қатынастың одан әрі жақсы болуы үшін осындай турнирлерді, басқа да шараларды өткізіп тұруға министрлік тарапынан әр кез атсалысамыз.