Миллиондаған ҚҚС салығын төлеуі тиіс қызылордалық шаруалар тығырыққа тірелді

Мемлекеттен несие алып, оған Ресейден асыл тұқымды мал әкелген шаруалар келісімшартта көрсетілмеген салық барын енді біліп, бармақ тістеп қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Су да жоқ, жайылым мен шабындықтан да қылтанақ таппай қиналған фермерлердің салған егіні де қурап барады. Салықтың да көлемі аз ем ес. Қара жерден ризық терген қызылордалық шаруалардың жанайқайын тілшіміз тыңдап қайтты.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Батырбек Арыстанов 65 миллион теңге несие алып, оған 12 миллиондай өз қаражатын қосып, Ресейдің Алтай өлкесінен 100 бас асыл тұқымды ірі қара сатып әкеледі. Сырдария ауданы Қоғалыкөл аулындағы қожалығында мал бағуға кіріскен шаруаға қосымша құн салығын төлеу туралы хат келіпті. Үй-жерін кепілдікке қойып, мал алуға құжат рәсімдегенде мұндай төлем туралы еш айтылмады. «Несиені жабудың қамымен жүргенде 10 миллион теңге салық әбден тығырыққа тіреді», - дейді шаруа.

Батырбек Арыстанов, шаруа қожалығының құрылтайшысы:

- Осындай қиын жағдай болып тұр. Малды әкеліп өсіреміз деп отырсақ, 10 млн тг деген көп қаражат. Барлық жерде қуаңшылық, малды біресе анда, біресе мында көшіріп жүрміз. Шөптің бір шөмелесі 15 келі шөп қазір мың теңге. Жем-шөпке берілетін субсидия алмағалы пәлен жыл болды. Ал енді бұл көмек емес тұқыртып, шаруа қожалығын қолдау емес, қорлау болып тұр.

Осы мәселе егіншілерге де қолбайлау болып отыр. Шиелі және Жаңақорғанның күріш, бидай, жоңышқа егетін шаруа қожалықтары 2019 жылы Ресейден техника сатып әкелген. Небәрі екі рет күзгі науқанға пайдаланылған агротехникаларға биыл 7 мен 9 миллион теңге аралығында ҚҚС төлеңдер деген хабарлама алыпты. Су тапшылығынан егіс көлемін едәуір қысқартып, нәпақадан қағылып отырған диқандарға бұл салық ауыр салмақ болып отыр екен.

Мұхамбетәлі Жүсіпов, шаруа қожалығының есепшісі:

- Салық кодексінің заңдылықтарына сәйкес егер Еуразиялық одақтан келген негізгі қорларды Қазақстанда шықпайтын болса, басқа республикадан алып келсе, ҚҚС босатылады деп жазылған. Біздің алғанымыз Қазақстаннан шықпайтын роторлы комбайн. 65 млн теңгеге алғанбыз. Енді 3 жылдан кейін 7 млн теңге ҚҚС салығын төлейсің деп ұсыныс беріп отыр.

Батырбек Кенжеев, шаруа қожалығының төрағасы:

- Бізге негізі ешкім ескерткен жоқ. Сендер алдын ала тіркелу керек құжат дайындаған кезде шаруашылық төлейді деп ескертілген жоқ. Дәл қазір мысалы үшін бидай, жоңышқа оруымыз керек. Дизель отынын таба алмай, комбайн, КамАЗдар жүре алмай, қарап тұр. Бізге «бордақылау алаңын сал, алға қарай ұмтыл, жұмысты ұлғайт», дейді. Оның үстіне осындай салық төлеттіріп жатыр. Оған біздің ешқандай мүмкіндігіміз жоқ.

Қамбар Бекенов, тілші:

- Шаруалардың арыз-шағымын арқалап, Кірістер департаментіне бардық. Ондағы мамандар «заңға сәйкес әрекет етіп отырмыз» дегенді айтты. Бұрын тауарлар шекарадан кіргізілмей тұрып, декларация толтыру барысында ҚҚС бірден төленетін. Қазір Кедендік одақ тәртібіне сәйкес импорттаушы тауарын тұрғылықты мекеніне әкеліп, келесі айдың 20-сына дейін салық органдарына өздері келіп тіркелулері тиіс екен.

Әділбек Бекішев, облыстық кірістер департаменті басшысының орынбасары:

- Баса айтқым келеді, импорттаушы тұлғаның ҚҚС төлемшісі болып тіркеліп-тіркелмеуі маңызды емес. Егер шекарадан өткізген тауары кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылатын болса, 328 нұсқадағы декларацияны толтырып, міндетті түрде 12% ҚҚС төлеуі тиіс болады.

Қазіргі таңда қосымша құн салығын төлеуге міндеттелген 20-дан астам шаруа қожалығы «кәсібіміз күйреуге жақын, заң қадағалау органдары мәселеге мән берсе», дейді.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Әлхайдар Тұрлыханов