424,94 504.55 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Ақтөбеде көп қабатты үйлер ыстық суға жарымай отыр

  • 131
  • UPD: 18:36, 27.06.2021

Ақтөбеде көп қабатты үйлердің біразында ыстық су жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қыстың қақаған аязында жылу көрмегендері де бар. Енді жаздың ортасы келсе де, мәселенің шешіле қояр түрі көрінбейді.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Қаным Иманқұлова – ыстық судың мардымсыздыған қиналып отырған ақтөбеліктің бірі. «Нұр-Ақтөбе» шағын ауданында тұрғызылған жаңа үйден пәтер алғанына бес жылдан асса да, мәселе әлі шешілмеген. Салдарынан мұндағы тұрғындардың кейбірі жуыну үшін монша жағалауды әдет қыла бастапты. Олардың айтуынша, ыстық суға қатысты шағымын пәтер иелеріне кооперативі мен өзге де жауапты мекемелерге талай рет жеткізген. Алайда, нақты нәтиже жоқ.

Қаным Иманқұлова, қала тұрғыны:

- Жанып тұрған, кәдімгі келіп тұрған, біз ақша төлеп тұрғанбыз. Бізде ыссы су жоқ. Мұнда негізі мүгедектер, көп балалы аналар тұрады. Өте қиын. 20 жылға алдық. Енді бұл үйді қарау керек, дұрыстау керек. Қыс келе жатыр. Жылу маусымы келе жатыр. Ертең осылай қанжылым болып тұрса, қиын жағдайға ұшыраймыз.

Тоғыз қабатты көп пәтерлі үйді басқаруға алған компания өкілдерімен кездесу мүмкін болмады. Дегенмен, хабарласып, мәселенің 10 шілдеге дейін толық шешілетінін жеткізді. Ал, дәл осындай проблема қазір қаланың «Батыс-2» шағын ауданындағы бірнеше үйге де ортақ болып тұр. Бір қызығы, ғимараттарды су және жылумен қамтитын қазандық, бұған дейін қызмет еткен кооператив меншігінен жергілікті биліктің қолына өтіпті. Алайда пәтерлерге ыстық су беру әлі тұрақтала қоймаған.

Ерболат Нұрлыбеков, қала тұрғыны:

- Қыстан бері жоқ мұнда ыссы су. Кішкентай балалар суға түсе алмайды, Бұл жерде сәбилер бар үйлерде. Кейбіреулері газға су қайнатады. Коммуналдық қызметтерін бәрін орнымен төлейді. Бірақ су жоқ мұнда.

Құндыз Ермекова, қала тұрғыны:

- Ыстық су әлі дұрыс қосылған жоқ. Енді әлі біреулер «бізге таңертең келмейді», дейді. Біреулер: «бізге 12:00-ден кейін келмейді», - дейді. Әр адамға әртүрлі қосылып тұр деген сөз ғой. Ал, енді біз алдағы уақытта жылу бола ма, болмай ма оны білмейміз. Ал, бірақ біз биыл жылусыз отырдық. Үйіміз қара мұз болды. Біз ешқандай адамнан көмек көрген жоқпыз.

Әкімдік қызметкерлерінің айтуынша, үйлерге ыстық су берілмеуі бұрын қызмет еткен компанияның өз міндетін лайықты атқармауынан туындаған. Нақты айтқанда, қазандық уақытылы техникалық тексеруден өтпеген. Ал, бүгінде қала бойынша қанша үйдің ыстық суға қатысты шағымы барын нақты айту қиын. «Дегенмен, бұл мәселе көбіне жылыту қазандықтарын иелікке алған басқарушы компания немесе кондоминиумдардың жауапсыздығынан туындайды», - дейді. Себебі, шаһарды су және жылумен қамтитын кәсіпорнының құбыры әр үйге жетіп тұр. Ал, тұрғындардың арызы болса, қарауға дайын.

Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Шағымдарды сол маңға барып, аз уақыттың ішінде жүйеге келтіріліп жасалып жатыр ғой. Егер олар жертөледен  болса, ол кезде орган басқарма жертөлені бастап қарап, тексереді. Егер акт бойынша КСК-ға қатысты трубалар болса, ол кезде КСК өз жұмысын жасап, ахауларын бүкіл жұмысын жүргізіп отыруы қажет.

Қазір мамандар шаһардағы көп қабатты үйлерге жауапты ұйымдардың күз бен қыс мезгіліне дайындығын тексеруді бастаған. Істерінен кемшілік анықталса, тиісті шара қолданылатынын жеткізді.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Әйбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы