Павлодар облысында туристік полицияның жұмысы қайта жанданды

Ертіс өңірінде туристік полицияның жұмысы қайта жанданды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тәртіп сақшыларының көбі Баянауыл ауданының курорттық жерлерінде шоғырланған. Мақсат – туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз етумен қатар оларға ақпараттық қолдау көрсету.

Бүгінгі күні Баянауыл демалыс аумағында 15 полицей қызметтеріне кіріскен.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Авраам Салако сонау Нигериядан келген. Қасиетті Баянауыл өңірі туралы көп рет естігеннен гөрі бір рет келіп көруге бел буыпты. Қолайсыз ауа райы бұл жердің сұлулығын тамашалауға кедергі болмады. Өзі жергілікті университеттердің бірінде мұнай-газ мамандығы бойынша білім алады. Африкалық саяхатшы қазақ мәдениеті туралы мол мәлімет алғысы келеді.

Авраам Салако, турист:

- Қазақстанға білім алуға келдім. Болашақта бұл елдің әр облысын аралап шыққым келеді. Табиғатымен тапсанып, халқының мәдениетімен танысқым келеді. Сапарымды Баянауылдан бастадым. Тауы мен тасы таң қалдырды. Бүгін күн суытып кетіпті, бірақ көңіл-күйім көтеріңкі.

Туристік полицейлердің қызметі құқықбұзушылыққа жол бермеумен шектелмейді. Олардың міндеті – бірнеше шет тілін біліп, алыстан келген тынығушыларға ақпараттық қолдау көрсету. Өлкенің тарихы мен мәдениеті туралы мол мағлұмат беру. Баянауыл өңірінің бай тарихына нигериялық Авраам Салаков да зор қызығушылық танытты. Бұл бағытта оған туристік полиция инспекторлары көмекке келді. Икрам Каленов алыстан келген мейманмен әңгіме құрып, қасиетті жердің тарихы туралы айтып берді.

Икрам Каленов, туристік полиция инспекторы:

- Шетел асып келгендердің көбі қазақ, орыс тілдерін білмейді. Олармен ағылшын тілінде сөйлесеміз. Баянауылдың көрікті жерлерін көргісі келеді. Кейде гид сияқты жұмыс істейміз. Яғни, туристік нысандар туралы ақпарат беріп, жол көрсетеміз.

Баянауыл – шетелдік және отандық туристердің арасында танымал өңірлердің бірі. Бұл жерге жыл сайын мыңдаған тынығушы келеді. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Торайғыр көлінің жағасында туристік полиция бөлімі ашылды. Мамандар қажетті техника, ғимарат пен бейнекамералармен қамтылған. Мамандардың иелігінде тіпті осындай электромобиль де бар.

Мұрат Мұсатаев, Баянауыл аудандық ІІБ бастығы:

- Бұл ерекше полицейлер. Кәсіби тәжірибелерімен қатар бірнеше тілді меңгерген тәртіп сақшылары. Баянауылдағы мамандар ағылшын, қытай және неміс тілдерін еркін меңгерген. Оларды бұл қызметке іріктеп алдық. Мақсатымыз еліміздің туристік әлеуетін арттыру.

Былтырғы жылы пандемия салдарынан Баянауылға небәрі 70 мыңнан астам турист келген. Бұл өткен жылдарға қарағанда бірнеше есе аз. Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғызстаннан келетін тынығушылар да аз емес. Олармен тіл табысу да туристік полиция инспекторларының міндеті. Биыл эпидемиологиялық жағдай тұрақталып келеді. Сондықтан саяхаттаушылар саны да көп болатынына сенім мол.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат