Қостанай облысындағы Тобыл қаласының тұрғындары суға жарымай отыр

Елді мекенге қала мәртебесі берілгеннен кейін су тапшылығы туындаған. Себебі құбырлардың қуаты ауыл халқына ғана шақталған екен. Ал шаһарға арналған су таратқыш салуға жергілікті билік енді кіріспек.

Былтыр Президент шешімімен Затобол кентіне қала мәртебесі берілген. Содан бастап елді мекенге көптеп инвестиция тартылып, мемлекеттік бағдарламалар бойынша тұрғын үй құрылысы қарқын алды. Бірақ мұның бәрі кері әсерін тигізді. Қалада су тапшылығы туындады. 

Арыстан Халилулин, Тобыл қаласының тұрғыны:

- Суымыз 12-ге дейін болады, 12-ден кейін тоқтатып тастайды. Кешкі 7, 8-ге дейін су жоқ. Кешкі 8-де су болады. Енді шайға, жуынуға су жоқ.

Қостанай ауданы орталығына қала мәртебесі берілмес бұрын ауыз су тапшылығы болмаған. Оның ағысы да күшті еді. Ал құрылыс қызған сайын есік алдындағы құдықтарда су азайып, лайлана бастады. Қала боламыз деп барымыздан айырылдық дейді тұрғындар. 

Ольга Яковенко, Тобыл қаласының тұрғыны:

- Заречный кентінде үйлер көп салынып жатыр. Оның аумағы біз тұрған Тобыл қаласының жартысындай болады. Қала мәртебесін беріп кеңейтсін. Бірақ неге алдымен сумен қамту мәселесін шешіп алмаған?

Болар іс болып, бояуы сіңгеннен кейін аудан басшылығы судың қоры күн сайын азайып барады деп дабыл қағуда. Жақын арада жаңбыр жаумаса, су тарату уақытын 1-2 сағатқа дейін шектеулері мүмкін. Сондықтан тұрғындар тіршілік нәрін үнемдеп, бау-бақшаға ысырап етпесе екен дейді суға жауаптылар. 

Қайыржан Құрманғалиев, Қостанай ауданы ТКШ бөлімінің басшысы:

- Бұл мәселе су таратқыш салынбайынша шешілмейді. Дәл қазір ешкім ешнәрсе істей алмайды. Бұдан артық су беру мүмкін емес. Егер сағаттап кестемен ағызбасақ, ертең бір тамшы да таппай қалу қаупі бар. 

Қала халқына арналған су таратқыштың құрылысына 800 млн теңге бөлінген. Бірақ сараптамалық құжаттары әлі күнге реттелмеген. Демек, жыл соңында ғана қолданысқа берілетін түрі бар. 

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров