424,44 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шығыстағы Зайсан ауданының шаруалары мал жаятын жер таппай отыр

  • 233
  • UPD: 09:16, 28.06.2021

Кейбір шопандар отар-отар қойын көрші Күршім ауданының жайлауына шығаруға мәжбүр.

Мал ұстаған жұрттың айтуынша, жердің көбі мақсатқа сай пайдаланылмай жатыр. Ал осы салаға жауапты мамандар қанша гектар жердің игерілмей жатқанын білмейтін болып шықты.

Асан Жанғұнов соңғы екі жылда жер сұрап жазған құжаты екі құшақ болған. 2018 жылы жеке шаруашылық құрып мал өсіруді бастаған. Ол үшін 400 гектар жер сұраған. Қажетті жердің жартысын ғана берген. Шаруаның айтуынша, ауданда ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланатын жер жетеді. Бірақ оның көбі үшінші біреулердің қолында. Оны тексеруді сұрап қақпаған есігі қалмаған. 

Асан Жанғұнов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Менде жайлау жоқ. Жайлау сұрап барсам жер жоқ дейді. Жер жоқ дегенді мен ұқпаймын. Жер қатынастары бөлімі бастығы Қайрақбаевтың осыдан екі жыл бұрын бұрынғы әңгімесінде маған сандарды айтқан. Егерде 100 процент деп Зайсан жерін алатын болсақ, 50 процентті пайдаланып жатыр, 25 проценті заңсыз жалға берілген, 25 проценті мүлде пайдаланылмай жатыр деп маған мәлімет айтқан. Бірақ сол неге алынбайды? Заңдар шығып жатыр, Президент айтып жатыр. Неге ол жерлер алынбайды, неге орындалмайды осы заңдар?

Жеңісбек Кәрібаев асыл тұқымды Байыс қойын өсірумен айналысады. Кезінде Жарма ауданынан әкелінген 75 тоқты бүгінде 6 мыңға дейін өскен. Сөйте тұра жайлауда 400 гектар ғана жері бар. 4-5 отар қой үшін ол өте аз болғандықтан жазда малдың бір бөлігін көрші Күршім ауданының жайлауында, қалғанын Ертістің жағасындағы құм арасында жаюға мәжбүр.

Жеңісбек Кәрібаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Осы мал дәл қазір жайлауда болу керек қой, жайлаудың төрінде. Амал қанша. Жайлау мәселесін шеше алмай жүргеніме он жылдан асты десем артық айтқаным емес. Осынша малға жайлауда 400 гектар ғана жерім бар. 3 ай отыратын. 400 гектарға малды жаймай, былай айдап апарсаң сыйдыра алмайсың. 

Аудандағы осы салаға жауапты бөлім басшысы жердің бәрі заңға сәйкес берілетінін айтады. Бірақ қанша жердің нақты мақсатта пайдаланылып жатқанын нақты білмейтінін жасырмады. Жердің қорғалуы мен пайдаланылуын бақылайтын инспекторда пәрмен болғанымен дәрмен жоқ.

Еркін Қайрақбаев, Зайсан аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы:

- Аудандарға бір инспектордың штатын бөлді. Солар айналысу керек. Бірақ Президенттің Жарлығы бар, шағын кәсіпкерлік субъектісін тексеруге мораторий жарияланған. Яғни ол шаруа қожалығын тексеріп, шара қолдана алмайды. Ал енді жер қатынастары бөлімінің құзыретінде тексеру деген құзырет мүлде жоқ. 

Облыстық жер қатынастары басқармасының мәліметі бойынша ауылшаруашылық бағытандағы жерге цифрлық технология көмегімен бақылау жасалады. Нәтижесінде тек биыл жер мәселесі бойынша 72 заң бұзушылықты анықтаған. Дегенмен, шығыста нақты қанша гектар жер иегрілмей жатқаны туралы нақты мәлімет жоқ. 

Олжас Керейхан, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы