БҚО-да қауіпті вирусты таратқандарға айыппұл салынды

Батыс Қазақстан облысы қайтадан қызыл аймаққа енді.

Соңғы бес күнде вирус жұқтыру көрсеткіші 15 процентке  өскен. Кешеден бері тағы 101 тұрғыннан ковид анықталды. Эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауына тұрғындардың санитарлық талаптарға салғырт қарауы себеп деп отыр сала мамандары. Соңғы екі аптада «Ашық» қосымшасымен қоғамдық тамақтану орындарына кірмек болған жүзден аса адамның қатерлі індетке шалдыққаны немесе науқаспен қарым-қатынаста болғаны анықталды. Оларға 30 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды. Бүгіннен бастап карантиндік шаралар күшейтілді. Сауда үйлері мен орталықтары және базарлар демалыс күндері жұмыс істемейді.  Сонымен қатар, той-томалақ пен жәрмеңке секілді көпшілік іс шаралар өткізуге де қатаң тыйым салынды. Ал «Ашық» қосымшасымен жұмыс істейтін кинотеатрларда орын саны 30 адамнан аспауға тиіс.

Мұхамғали Арыспаев, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы:

– Банкет залдары бойынша халық арасында көп сұрақтар бар, ас беру өткізу үшін «Ашықпен» жұмыс жасайтын болса, 30 адамнан аспайтын болуы керек. Еске алу шараларын өткізу бойынша да 30 орынға дейін қабылдап, жұмыс жасай алады. Жазғы лагерлер қызыл аймаққа кірсе де жұмыс жасайды. 11 лагерь облыс бойынша жұмыс жасап жатыр. 1 ақпаннан бастап вакциналау басталған болатын, қазргі күні 90 мыңнан аса облыс тұрғындары егілді.