Тілшілігім – тіршілігім

Жаһанды жайлаған қауіпті індет адамзаттың тіршілігін бір сәт тұралатқандай еді.

Тек журналистердің емес. Күніне бірнеше тікелей қосылымға шығып, мағыналы сюжет жасап, жүгі ауыр жұмыстың одан сайын көбейгені рас. Бірақ тілшілердің тауы шағылған жоқ. Тілшілігім-тіршілім деп жігер қайрады, шама-шарқынша шын жаңалық жеткізуге тырысты.

Қайнаған жаңалықтар ортасы, әр сағат сайын үзіліссіз берілетін ақпарат айдыны – Хабар 24 арнасы. Алыс-жақын шетелден, еліміздің әр аймағынан әп-сәтте жаңалық жеткізетін біздің тілшілер. Олар сын сәтте мойыған жоқ. Елге ең жаңа әрі шынайы ақпаратты тез жеткізсек деп жанталасты. Індет өршігенде дәрігерлер мен полицейлер секілді алдыңғы шепте болды.

Жұрағат Баман «Хабар» Агенттігі» АҚ «Хабар24» арнасы, Жаңалықтар бөлімінің шеф-редакторы:

– «Хабар24» арнасының ұжымы ның шетелде және аймақтарда қосындарымыз бар. Осы Нұр-Сұлтан қаласында да бір топ журналистеріміз бар. Пандемия кезінде күн демей, түн демей еңбек етіп, халыққа барынша жылдам және шынайы ақпарат жеткізуге тырысты. Және ол қолдарынан келді деп ойлаймын. Індет әлі де біткен жоқ. Атқарылатын жұмыс көп. Әріптестерімді мерекемен құттықтап, бастарына амандық, дендеріне саулық тілеймін.

Журналистика – қоғамды қозғаушы күш. Бұл пандемия кезінде анық көрінді. Себебі әр адам теледидарға телміріп, жылт еткен жақсы жаңалық күтті. Мүмкіндік жоқ деген сәтте де аймақтағы от ауыз орақ тілді журналистер тікелей эфирге телефонмен шықты.

Бағдат Бектұрғанқызы,  «Хабар» Агенттігі» АҚ, «Хабар 24» арнасы, Аймақтық тілшілер желісінің Бас редакторы:

– Карантиндік шектеулер енгізілген уақытта біздің тілшілер күрт басқаша жұмыс істеу тәртібіне көшті. Барлығы дерлік күнделікті блокпосттардан тікелей эфирге таңғы уақытта болсын түскі кешкі уақытта да ақпарат беруге мәжбүр болды. Сондай уақыттары біздің тілшілердің ерен еңбегі десем де жарасады. Әрқайсысы ең бірінші кезекте көрерменге біз ақпарат беруіміз керек деген ұстанымда болды.

Бүгін бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің күні. Сіздерді алдарыңыздағы көк жәшіктен әр сағат, әр минут, секунд сайын жаңалықтардан хабардар етіп отыратын тілшілер қауымы, сондай-ақ дәл осы сәтте камера сыртында мені түсіріп тұрған оператор, оның жазған таспасын көшіріп басып, сюжет жасайтын монтаждаушылар, режиссер, редакторлардың, яғни кадр сыртындағы әріптестерімнің еңбегі ұшан-теңіз. Мақсат – біреу. Бір ғана жаңалықтың сіздерге тез әрі сапалы жетуі үшін күн-түн демалыссыз қызмет етіп келе жатқан тілшілердің еңбегі сіздердің көңілдеріңізден шықса екен дейміз, патша көңіл көрермен.  

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Жарқын Мырзахан