Қазақстан Беларусь еліне мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу жөніндегі келісімге қол қойды

Қостанайда беларусь технологиясы бойынша құрастырылатын комбайндар өндірісі кеңейтіледі.

Жергілікті зауыт жылына 4 мың көлік шығармақ. Премьер-министр Асқар Мамин беларусь әріптесі Роман Головченкомен кездесіп, өндіріс саласындағы ынтымақтастықты нығайту жолдарын талқылады. Екі елдің үкімет басшылары Қостанайдағы өзге де кәсіпорындарды аралады. Мұнда ауыл шаруашылық техникасы мен автокөлікке арналған қалың қабатты шыны өндірісі ашылмақ. Бұл да екі елдің бірлесе іске асыратын жобаның бірі. Осылайша жергілікті өндіріс жылына шыны бұйымның 30 мың данасын шығаруды көздеп отыр.

Бұдан бөлек, тараптар агроөнеркәсіп пен құрылыс индустриясындағы ынтымақтастықты нығайтпақ ниетте. Мәселен, елордада жобалық құны 5 жарым млрд теңгелік есік өндірісі қолға алынбақ. Дәл осындай жоба алдағы уақытта Алматы қаласында да іске асады. Екі жақты келіссөздер нәтижесінде мұнай және мұнай өнімдерін Беларусь еліне жеткізу жөніндегі келісімге қол қойылды.