Қазақстан мен Беларусь арасындағы экспорт көлемі артып келеді

Беларусьтің Қазақстанға, ал Қазақстанның Беларуське экспорты артып келеді. Бұл Қазақ елі үшін өте жақсы фактор.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болған Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко осылай деді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің сауда-экономикалық, ғылыми-техникалық, гуманитарлық салалардағы байланыстарын, сондай-ақ интеграциялық бірлестіктер аясындағы ықпалдастығын оң бағалады. Президент екі мемлекет басшыларының тығыз байланыс жасап тұратынын және жоғары деңгейде қол жеткізген уағдаластықтардың сәтті жүзеге асырылатынын ерекше атап өтті.

 Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Сіздің бұл сапарыңыздың бағдарламасы тығыз екен. Қостанай облысына бардыңыз. Бұл өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы әлеуеті тұрғысынан өте маңызды. Нақты келісімдерге қол жеткізіліпті. Сенбі күні Президенттеріңіз Александр Лукашенкомен сөйлестім. Екі мемлекет арасындағы стратегиялық серіктестікті одан әрі дамыту мәселелері жөнінде пікір алмастық. Қазақстан үшін Беларусь, шын мәнінде, стратегиялық серіктес әрі одақтас ел. Ынтымақтастығымызды нығайтып, дамыта беру үшін барлық мүмкіндікті жасаймыз. Әрине, бұл уағдаластықтар бір сәттік емес, сондықтан оған байыппен қарап, жүктелген міндеттемелерді орындауымыз керек. Яғни, бос сөзге малданбай, Сіздің тарапыңыздан және үкіметтер деңгейіндегі келіссөздер барысында айтылған барлық мәселені нақты шешу қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев екіжақты келіссөздердің қорытындысы Қазақстан мен Беларусь қатынасының көкжиегін одан әрі кеңейте беруге мүмкіндік беретінін атап өтті. Өз кезегінде Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко Александр Лукашенконың сәлемін жеткізді. Және екі елдің сауда-экономикалық байланыстарының келешегіне тоқталды.

Роман Головченко, Беларусь Республикасының Премьер-Министрі

– Біз әрдайым одақтас әрі серіктес елміз. Адами фактор – іскерлік қатынастарды дамыту үшін аса маңызды. Сондықтан пандемиядан кейінгі кезеңде сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың қарқынды дамитынына сенімдіміз. Беларусьтің Қазақстанға, ал Қазақстанның Беларуське шығаратын экспорты жылдам артып келеді. Бұл Қазақстан үшін өте жақсы фактор болып табылады.