Меркі ауданының тұрғындары ауыл ішінде жанармай бекетінің салынуына қарсы

Олардың айтуынша, жеке кәсіпкер елдің рұқсатынсыз ат шаптырым аумақты қоршап, құрылысты бастап кеткен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оны көрген тұрғындар бірден округ әкіміне барып, наразылық білдірген. Шенеунік ешқандай құрылысқа рұқсат бермегенін айтыпты. Ал кәсіпкер жанармай бекетімен бірге ауылға спорт алаңын салып беремін дейді.

Ойталдықтар ауыл ішінде жанармай бекетінің салынуына үзілді-кесілді қарсымыз деп отыр.

йтуларынша, соңғы бес жылдан бері балалары доп теуіп, футбол ойнайтын спорт алаңын салдыра алмай жүр. Ал билік жерді бензин бекетін салуға беріп жіберген. Әрі құрылыс алаңын қоршап, тұрғындар тынығатын тоғайдың жолын жауып тастаған.

Басы дауға қалған бизнесмен құрылысқа кіріспес бұрын жергілікті биліктен рұқсат алғанын айтты. Қазір «барлық құжатым қолымда әрі бәрі заңды» дейді. Айтуынша, мұндай шудың шығуына тұрғындарға түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеген әкімдік кінәлі.

Аңсар Сүлеев, заңгер:

– Әкімге кірдік, мен халықпен сөйлестім деді. Спорт алаңын соғып берсең, рұқсатымды берем деді. Өзім сөйлесемін деді.

Ал округ әкімі жанармай бекетін салуға рұқсат берген жоқпын дейді. Бұл жер 14 жыл бұрын жекенің қолына өтіп кеткен көрінеді.

 Арман Рахымбеков, Ойтал ауылдық округінің әкімі:

– Маған келіп құжаттарын көрсетті, мен сізге айтып отырмын ғой, мен ешқандай қол қойғам жоқ, рұқсатымды берген жоқпын. Бұл жекеге сатылып кеткен ғой. Бұл кісінің қыруар шығыны шықты, оған қайтадан Үкімет тарапынан ондай ақша берілмейді.

Қазір кәсіпкер барлық құжаттарын жиып, әрбір әрекетім заңды деп отыр. Тіпті соттасуға да дайын екендігін жасырмады.

Авторлары: Руслан Бақытбекұлы, Бақытжан Бапаев