Браконьерлерді дрон арқылы бақылайтын боламыз – Н.Жүнісов

Келер жылдан бастап балық инспекторлары браконьерлерді дрон арқылы бақылайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Нариман Жүнісов мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір ведомтсво мамандары қажетті есептерді жүргізіп жатыр. Кейін бұл шығындарды бюджетке кіргізу жоспарланған. Сондай-ақ, әр инспектордың киіміне бейнекамера ілінбек. Нариман Жүнісовтың мәлімдеуінше, қазір заңсыз балық аулаушылар жазадан оңай сытылып кете алады. Оны болдырмау үшін жаңа технологияларды пайдалану туралы шешім қабылданды.

Айта кетейік, жыл басынан бері 862 браконьер ұсталған. Олар 15 миллион 400 мың теңге айыппұл төлеуі тиіс.

Нариман Жүнісов, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің комитет төрағасы:

– Биыл «Бекіре» акциясының аясында заңсыз айналымнан 31 тонна балық шығарылды. Браконьерлерден 851 балық ұстайтын құрылғы тәркіленді.  Залал келтіргендер 13 миллион теңге төлеуі тиіс. Біздің басты мақсатымыз - заңсыз  балық аулауға тосқауыл қою. Инспекторлардың қызметін жетілдіру үшін оларды бейнетіркеу камераларымен қамтамасыз етеміз. Дрондар арқылы браконьерлердің жасаған қылмысын таспаға түсіріп, олардың жазадан сытылып кетуіне жол бермейміз.