Мотоцикл тізгіндеген жүргізушілерге қандай талап қойылады?

Алматыда мотоциклмен адам қаққан азаматқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Еске салайық, қайғылы оқиға салдарынан 43 жастағы ер адам қаза тапқан еді. Жалпы мотоцикл тізгіндеген жүргізушілерге қандай талап қойылады? Жол ережесін бұзғандар қалай жазаланады?

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Алматыдағы қайғылы оқиға әл-Фараби мен Шашкин көшелерінің қиылысында болған. Таңғы бестің шамасында мотоцикл жүргізушісі велосипедпен кетіп бара жатқан адамды қаққан. Ал ізін суытқан жүргізуші көп ұзамай қолға түсіп, қамауға алынды. Енді ол Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. 

Жалпы елімізде тіркелетін мотоциклдың саны жыл сайын көбейіп жатыр. Мәселен, қазір бар ғана бас қалада 2600-ден астам қос дөңгелекті темір тұлпар бар. Бұл ресми тіркелгені ғана. Жыл басынан бері жол ережесін бұзған 70-тен астам жүргізуші жазаланапты.

Бауыржан Тоғжұманов, қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

- Жыл басынан қалалық полиция департаментіне 130-дан астам шағым түскен. Оның ішінде жиі түнгі уақытта мотоцикл дауысы қатты болғаны себептен жазғы уақыт қой, әйнек ашық болған соң азаматтардың мазасын алады. Жыл басынан 15 мотоцикл жүргізушісі әкімшілік құқық бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Автокөлік жүргізушісі жол ережесіне қалай бағынады, мотоцикл тізгіндеген азамат та тура сол талаптарды сақтауы тиіс. Техниканың дауысын күшейту, қосымша қондырғыларды орнатуға тыйым салынады. Автобус жолымен жүрсе не болмаса жылдамдықты асырса, «Сергек» жүйесі иесіне айыппұл жолдайды.

Бауыржан Тоғжұманов, қалалық ПД Әкімшілік полиция басқармасының бөлім бастығы:

- ҚР ӘҚБ кодексіне сәйкес 16 жасқа толған тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Және ата-анасы жауапкершілікке тартылуы тиіс.

Осыдан 10 жыл бұрын жекелеген мотоцикл жүргізушілері болмаса, ел астанасында қауымдастықтар, бірлестіктер саусақпен санарлық еді. Қазір ондаған байкер қосылып, бір клубтың астында бірігуді әдетке айналдырды.

Нұршапағат Несіпбаев, тілші:

- Бас қалада мотомәдениет бар. Біз мұны осы материалды әзірлеу барысында көз жеткіздік. Қазір елордада 10 шақты мотоклуб бар. Мына қара сәйгүлік солардың біріне тиесілі. Баға әртүрлі. Мәселен, мына мотоциклдің бағасы 13 миллионға дейін жетеді екен.

Мына мотоцикл 6 миллион теңге тұрады. Мына мотоцикл 3 миллион теңге тұрады. Сондықтан бағалары өте әртүрлі. Әр адам қалтасына қарап, жағдайына қарап, мотоцикл сатып алады.

Ерлан – кәсіпкер. Мотоциклмен 2015 жылдан бастап жүреді. Қазір сол жылы құрылған клубтың мүшесі. Одан бөлек, ұйымда тағы 50-ге жуық адам бар. Ең жасы жиырмадан енді асқан, ал үлкені алпысты алқымдапты. Олар бас қаладағы қоғамдық шараларға тұрақты қатысады. Тіпті топ болып, шетелге де шығып тұрады екен.

Кашкенов, мотоклуб мүшесі:

- Пандемия басталмай тұрмағанда Ресейге, Беларуське, Қырғызстанға, Өзбекстанға, көрші елдерге барып жүрміз. Олар да мото іс-шаралар өткізеді. Сондай мақсатпаен барамыз.

Бір байқағанымыз, клубта негізінен орта буын өкілдері көп. Жетекші «жылдамдыққа шектен тыс құмартқан, желіккен жастарды қатарға қоспаймыз», дейді. Басты талап – өзіңнің де, өзгенің де өміріне қатер төндірмеу. Осыған көнген жандар клубқа қосылады. «Айтпақшы, қара түсті былғарыдан күрте кигендердің барлығын бұзық санау – батыстан келген, сырттан таңылған жаңсақ пікір», - дейді клуб президенті.

Серік Шаламбаев, мотоклуб президенті:

- Біздің клубтың, жалпы заманауи мотоқауымдастықтардың мақсаты – достық байланыс орнату және мотоцикл жүргізуден ләззат алу. Бұл – өзара қарым-қатынас құралы. Ал мотоцикл көліктің өте тиімді түрі. Көп орын алмайды. Экологиялық талаптарға да сай келеді.

Мотоцикл тізгіндегендердің барлығына қойылатын ортақ талап бар. Бұл – қауіпсіздікті естен шығармау. Оны ондаған жылдық өтілі бар байкер де, темір тұлпарға кеше отырған жүргізуші де орындауы тиіс.