424,37 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысындағы Шашубай кентінде кәріз суы көлге құйылып жатыр

  • 145
  • UPD: 10:29, 29.06.2021

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданына қарасты Шашубай кентінде кәріз суы тура іргедегі тұзды көлге төгіліп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындардың наразылығын туғызған бұл мәселеден жергілікті билік хабардар. Бірақ әбден тозған кәріз жүйесін қалпына келтіруге әкімдікте қауқар жоқ. Себебі 11 шақырым құбыр мен насос станциясы әлдеқашан жекенің қолына өтіп кеткен. Сонымен, күрмеуі қиын күрделі мәселе қашан және қалай шешіледі?

Ардақ Асылханұлы, тілші:

- Тұзды деп аталатын мына шағын көлге бір кездері туристер көптеп келген деседі. Тұрғындардың айтуынша, сазының емдік қасиеті мол екен. Алайда қазір бұл жерге ашықтан ашық кәріз суы төгіліп жатыр.

Ең сорақысы, жел терісінен соққанда қалдық судан бөлінген сасық иіс қолқаны қабады екен. Жергілікті жұрт ауыл іргесіндегі тоғанның ауру ошағына айналып кетуінен қауіптенеді.

Ерғазы Серіков, Шашубай кентінің тұрғыны:

- Жел шығыстан болады ылғи біздің Шашубай кентінде. Бүкіл ауылды алып кетеді сасық иіс, канализацияның иісі. Тұзға енді ағып жатыр, көріп тұрсыздар ғой, бұл жерге енді кім түседі. Адам баласы түспейді ғой ондай жерге, ауру болып шығасың ғой.

Жергілікті биліктің айтуынша, мұндағы 11 шақырым кәріз жүйесі әбден тозған. Әр жерден жарылып, құдықтан шыққан қалдық су түгел көлшікке ағады екен. Ол аздай насос станциясы да істен шығыпты.

Төлеуғалы Әлімбетов, сорғы станциясының операторы:

- Апаттық жағдайда біз мына алдымызда тұрған көлшікке, Тұзкөл деген, соған суды жібереміз амалсыздан. Өйткені қалаға сорғызатын шамамыз жоқ. Насостар тозған, электр жабдықтары біткен. Өйткені штатта электрик жоқ мен сізге айтайын, слесарь жоқ мынаның бәрін жөндейтін. Біз оператор ғанамыз, ал негізі ол менің шаруам емес.

Шашубай кентіндегі кәріз жүйесі мен насос станциясы «Балқаш балық» мекемесінің иелігінде. Бірақ олар қаржы бөліп, жөндеу жұмыстарын жүргізуге құлықсыз. Ал нысан коммуналдық меншікте болмаған соң әкімдік те бюджеттен ақша бөле алмайды. Тек биыл ғана 11 шақырым ауылішілік құбыр мемлекет балансына өткен. Алайда насос станциясы әлі де жекенің қолында қалып отыр.

Қайрат Қошантаев, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:

- «Балқаш балық» кәсіпорнының бас директоры Құспаев Ахат мырзамен аудан әкімімен бірге барып келіссөз жүргіздік. Ол кісі басында «насостық станцияны сіздердің коммуналдық меншікке беремін» деп, өз еркімен беруге келісім болған. Бірақ кейіннен ол кісі ол келісімнен айнып отыр. Сол себепті мәселе шешілмей тұр. Яғни, біз оған ешқандай қаражат жұмсап, жөндеу жұмыстарын жүргізе алмаймыз. Ана кісі ол да өз еркімен қаржысын салмайды.

Қазір Шашубай кенті тіршілік көзін «Балқаш су» мекемесінен алып, қалдық суды қайта жібереді. Сондықтан елді мекендегі коммуналдық жүйені тұтастай сол мекеменің құзырына өткізудің тектіктері қарастырылып жатыр. «Егер мәселе оң шешілсе, кәріз жүйесі кезең-кезеңімен қалыпқа келеді», - дейді жауапты мамандар.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы