Елордадағы тұрғын үйлердің бірінде балкондар апатты жағдайда тұр

Кез келген уақытта опырылып кетуі мүмкін, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өйткені көп қабатты нысанның сыртқы сылағы түсіп, кірпіштері көріне бастапты. Жаңбыр жауған сайын тастардың арасындағы цемент үгітіліп, саңылаулар пайда болған. «Қабырғадан қылтиған кірпіштер сыр берсе, арты қайғылы жағдаймен аяқталуы мүмкін», - деп алаңдайды тұрғындар.

Ғ.Мүсірепов көшесі 7/3 мекенжайының тұрғыны Любовь Опанасенко өз үйінде балконға шығудан қалды. «Жуған киімімізді жая алмай отырмыз», - дейді зейнеткер.

Апатты балконның сыртқы көрінісі осындай. Мұндай проблема ортаңғы қабаттарда да бар. 1991 жылы пайдалануға берілген үй күні бүгінге дейін жөнді жөндеу көрмеген. Жыл өткен сайын қасбеті бүлініп, кедір-бұдырлана бастаған.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Тұрғындардың айтуынша, осыдан шамамен 5-6 жыл бұрын 6-қабаттағы мына балкон опырылып құлаған. Абырой болғанда, ешкім зардап шекпеген. Тек төменде тұрған көліктер зақымданған. Сол жылдары тұрғындардың сөзіне сүйенсек, әкімдік шатырды жөндеп берген. Енді мына қасбетті аяғына дейін жеткізу үшін «тағы да бір осындай апат орын алуы керек пе?!» деген сұрақ ашынғандарды мазалайды.

Көп балалы ата-аналар кіреберіс алдында ойнап жүретін балалары үшін алаңдайды. Кешқұрым подьез алдына шығатын қариялардың қауіпсіздігі де шет қалуда.

Сәкен Нұрбеков, қала тұрғыны:

- Енді мына басқа балкондар құласа не болады. Кірпіштері құлап жатыр. Ертең біреудің басына құлап кетсе, кім оған жауап береді? Менің де бала-шағам бар. Жұрттардың да бала-шағасы бар. Мен соларды уайымдап жатырмын.

Мәселенің мән-жайын білу үшін жергілікті әкімдікке бардық. Ондағылар шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін көрші-қолаң боп қаржы жинау керек екенін айтты.

Мадияр Тұқпатов, Алматы аудандық әкімдігінің тіршілікті қамтамасыз ету бөлімінің басшысы:

- Егер де халықтың жинақтық шоттары болмаса немесе целевой сборға да келіспесе, мемлекеттік бағдарлама бар. «Нұрлы жер-2025» жаңғырту бағдарламасы бойынша Мүсірепов 7/3 үйіне тоқталатын болсақ, ол жерде тұрғындардың арасынан көпшілік дауыс жиналып, бағдарламаға ұсыныс тапсырылды. Бүгінгі таңда жобалық-сметалық құжаттар дайын болды. Қазіргі таңда қаражатты табу «Өркен қала» ЖШС-нің мәселесі болып тұр.

«Өркен қала» ЖШС-іне бардық. Директор орынбасары Нұрлыбай Бабасовтың айтуынша, республикалық бюджеттен ақша әлі бөлінген жоқ.

Нұрлыбай Бабасов, «Өркен қала» ЖШС директорының орынбасары:

- Осы айдың басында тұрғындармен кездестік. Сонда тұрғындар айтты. «Биыл күн суыққа ілініп қалатын болсаңыздар, біз сіздерге жасатпаймыз», деді. «Ал егер келесі жылы жасайтын болсаңыздар, біз оны құптаймыз», деді. Сонымен біз қалдырдық. Қазір бізде тап қазір бастайтын қаражат ол үйге бөлінген жоқ. Ол үйде негізі жоба бойынша 35 млн шығып тұр. Экспертизадан бәрі өткен. Сол 35 млн қазір бізде жоқ.

Өкінішке қарай, балконның жөндеу жұмыстары келесі жылға қалуы мүмкін. Жалпы Алматы ауданында жыл басынан 8 көп қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы арқылы жаңғыртыла бастады. Жоспар бойынша 2025 жылға дейін 100-ге жуық үйді жаңғырту керек.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Жандос Сұлтанғазы, Жандос Битабаров