424,15 504.60 5.74
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Риддердегі апатты жағдайдағы үйлер мәселесі қашан шешіледі?

  • 118
  • UPD: 10:17, 29.06.2021

Шығыс Қазақстандағы Риддер қаласында 70-тен астам ескі үй бар, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көбі ағаштан салынған. Кірпіштен тұрғызылған үйлердің де қабырғасы сөгіле бастаған. Тұрғындар талай жылдан бері үй кезегінде тұр. Жалпы қалада 1,5 мың адам баспанаға мұқтаж екен.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Риддер қаласы Свердлов көшесіндегі бұл үйде адам тұрады деп ойламайсыз. Талай жылдан бері апатты жағдайдағы баспана баяғыда сүрілу керек еді. Алайда мұнда әлі де жұрт тұрып жатыр.

Александр Голомидов бастапқыда апатты баспанасын тастап, пәтер жалдамақшы болыпты. Бірақ оны қалтасы көтермеді. Осылайша, қабырғасы сөгіліп тұрған қара шаңырағына қайта оралыпты. Он жылдан бері отбасымен бірге жанын шүберекке түйіп келеді. Өйткені бірде терезе жақтауы құлап түссе, енді бірде екінші қабаттағы балкон құлайды.

Александр Голомидов, Риддер қаласының тұрғыны:

- Күн сайын қорқынышпен өмір сүріп келеміз. Қай күні үйінді астында қалар екенбіз деп уайымдап жүрміз. Балалар үйге кіріп шыққан сайын үнемі қасында болуға тырысамыз.

Жалпы Риддерде 1,5 мың адам пәтер кезегінде тұр. Тәуелсіздік жылдары бар болғаны 7 үй салыныпты. Ал биыл бірден 3 көп қабатты үй бой көтереді.

Дмитрий Горьковой, Риддер қаласының әкімі:

- Қазір баспана кезегінде тұрғандарға арнап 5 және 9 қабатты тұрғын үй салу бйынша екі жоба дайындап отырмыз. Шілде айында олардың сараптамаларын аламыз. Содан кейін қаржыландыруға өтінім беріледі.

Бұдан бөлек, 60 пәтерлі үй құрылысы басталды.Әзірге бірінші қабаты салынып жатыр.

Әлижан Ажымқанұлы, мердігер мекеме директорының орынбасары:

- Бюджеттен 172 миллион бөлінді, ал осы жылы 57 миллион теңге, бұл нысанды келесі жылы, 2022 жылы отбасыларға халыққа беремі деген үміттеміз.

Тозығы жеткен тұрғын үйлерден құтылуға тағы да бір кедергі бар. Аймақта ондай үйлерді сүріп, жаңартуға арналған арнайы бағдарлама жоқ. «Егер ондай қолдау болса, ескі баспаналарға байланысты мәселесе осыншалықты ушықпас еді», - дейді мамандар.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы