Елімізде ұжымдық иммунитет қалыптастыру қажет – эпидемиологтар

Коронавирус инфекциясына қарсы ұжымдық иммунитет қалыптасу үшін ересек тұрғындардың кемі 60%-івакцина алуы тиіс.

Эпидемиологтар осылай дейді. Бірақ еліміздің батыс аймақтары белсенді емес. Мәселен, Оралда 60 мың адам ғана вакцинаның қос компонентін салдырған.

Талғат Серікқалиұлы, тілші:        

- Айнұр Ғалиева ұжымдағы әріптестерімен бірге күн сайын 700-дей адамға тамақ дайындайды. Асхана облыстық көпбейінді аурухананың аумағында орналасқан. Ал, емделушілерге тамақ әзірлеудің өз қиындығы бар. «Ас мәзірін жиі жаңартып тұру қажет. Әрі олар ішкен тамағының сапасына еш күмәнданбауы тиіс», - дейді алғашқылардың бірі болып екпе салдырған аспаз.

Айнұр Ғалиева, аспаз:

- Біріншісін маусымның басында алдым. Екіншісін 18 шілдеде Hayat-Vax вакцинасын алдым. Вакцина алған себебім, өзім үшін, отбасым үшін, балаларым үшін. Біздің өзіміздің директорымыз Ляна Алексеевна алды, сосын өзіміз де алып бастадық. Үлгі көрсетті ғой бізге, «мен алдым қыздар» деп бізге келіп айтып кетті, сосын біз де алып бастадық. Алған дұрыс деп ойлаймын негізі, қазіргі мына індетке байланысты.

Қазір пандемиямен күллі әлем күресіп жатыр. Сондықтан вакцина алудың маңызын әр адам жете түсінуі тиіс. «Ол үшін арнайы бұйрық күтудің керегі жоқ», - дейді кәсіпкер.

Ляна Тұрсынова, кәсіпкер:

- Әуелі өзім екпе салдырдым. Кейін оның қаншалықты маңызды екенін ұжымдағы әріптестерге түсіндірдім. Менің жасым бәрінен үлкен, ал вакцина салғаннан кейін ешқандай кері әсері болмағанын бәрі көрді ғой. Әрі біз қызмет көрсету саласында еңбек етіп жүрміз. Негізінен науқастарға тамақ дайындаймыз. Сол себепті адамдармен жиі қарым-қатынаста болатынымызды түсіндірдім. Қазір ұжымдағы қызметкерлердің 100%-і екпе салдырды.

Көктемде аймақтағы медицина мекемелерінде күніне 3 мың адамға дейін екпе салдырған. Қазір ондай қарқын жоқ. Ал, соңғы аптада ауруға шалдыққандар саны әлдеқайда артты.

Алмагүл Мантақова, облыстың штаттан тыс бас эпидемиолог дәрігері:

- Әрине, кез келген вакцина аурудан 100% қорғамауы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдерге арналған екпелер де бар. Бірақ науқасты аурудың ауыр түрінен, әсіресе, өлім қаупінен сақтайтыны анық. Сондықтан вакцина қайткен күнде де дертке қарсы тұрарлық ең тиімді тәсіл болып саналады. Екпе салдырған адам ауырған ауырғанның өзінде оны жеңіл өткереді. Ең маңыздысы да сол емес пе?

Ақпан айынан бері аймаққа 170 мың вакцина әкелінген. Қазіргі таңда облыстың 90 мыңдай тұрғыны екпенің бірінші компонентін салдырыпты. Коронавирусқа қарсы ұжым болып егілудің маңызы зор. «Індетті таратпаудың жауапкершілігін әр адам сезіне білуі тиіс», - дейді мамандар.

Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Қанат Махмұтов