Ақтөбеде қаржы пирамидасын құрғандарға қатысты сот басталды

Ақтөбеде атышулы қаржы пирамидасына қатысты сот отырысы басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бір жарым жылға жуық жүргізілген тергеу жұмыстары аяқталған. Бұл істе 20 мыңға жуық азамат алаяқтарға алданды деген күдік бар. Полицейлердің дерегі бойынша шығын көлемі 22 миллиард теңге шамасында.

Мансұр Есқожин, тілші:

- Үш бірдей қаржы пирамидасына қатысты сот ісі ашық режимде өткізілуде. Бірақ түсірілім жасауда заң талаптары бойынша шектеулер бар. Қатысушылар санының өзі жүзден астам. Сондықтан интернет арқылы байланыс жасауға мүмкіндік жоқ.

Айыпталушы ретінде 48 азамат ұсталған. 15 қорғаушы мен 5 прокурор мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысуда. Жүздеген куәгер де болуы тиіс. Бүгінгі алғашқы отырыста күдіктілердің айыптау актісімен танысқандығы туралы ақпарат қана алынды. Төрағалық етуші судья Сейфолла Тасымбетовтың айтуынша, іс 3700 томнан тұрады. Айыптау актісінің өзі шамамен 47 мың парақша.

Жалпы бұл қаржы пирамидасы осыдан бір жарым жыл бұрын әшкере болған. Жарнамасы жер жарып, елімізге танымал тұлғалар да алаяқтардың арбауына түскен еді. Қазақстанның көптеген қалаларында кеңсе ашып, салымшылар жиған. Олар 300 мың теңгеден беріп, артынша 200-250%-тік үстемемен қайтарамыз деп алданған. Тіпті автокөлік пен пәтерлерін де сатып, ақшаға кенелеміз дегендер де аз болмады. Жер сипап қалғандар қылмыс әшкере боп, күдіктілер қолға түскеніне қарамастан, біраз уақытқа дейін жәбірленуші екендігін мойындамаған еді.

Алайда полицейлердің соңғы мәліметтеріне сәйкес, бұл іске қатысты 20 мыңға жуық арыз-шағым түскен. Күдікті ретінде ұсталып, айыпталғандар еліміздің барлық өңірлерінің тұрғындары. Арасында ең кішісі 24 жаста болса, ересегі 52-ге келген.

Бүгін ғана басталған сот ісі қай уақытқа дейін жалғасатындығы белгісіз. Аптасына үш рет тергеу жүргізіледі деп күтілуде. Сот ісінің жүру барысы алдағы уақытта да біздің назарымызда болады.

Авторы: Мансұр Есхожин