ШҚО-да су тоспасының уақытылы салынбауынан шөп күйіп кетті

Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданында мал азығын әзірлеу қиындап барады. Биылғы қуаңшылықты қоспағанда бірнеше жылдан бері Қарғыба су тоспасының құрылысы аяқталмай шаруаларды тығырыққа тіреп тұр. Нысанды жөндеуге мемлекет қазынасынан 407 миллион теңге бөлінген. 2016 жылы жұмыстар басталғанымен сол күйі аяқсыз қалған. Осының кесірінен 4 мың гектар жерге салынған жоңышқа, көп жылдық шөп күйіп кетіпті. Енді құрылысты қайта жалғау үшін тағы 258 миллион теңге қажет.

- Маусымның 20-сында астық дайын болады бізде. Әлі 10 күн бар мынаған. Қазір дән суын сұрап тұрған кезі.

Мейір Кәдірбекұлы асыл тұқымды мал өсірумен шұғылданады. Биыл жем-шөп қоры шаруаларды тығырыққа тіреп тұр. Бұрындары 300 гектарға дәнді дақылдар мен көп жылдық шөп егіп, 500 тоннадай мал азығын жинап алатын. Соңғы жылдары бұл ісі түйткілге айналып кетті.

Мейір Кәдірбекұлы, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мына жерлер міне игерілмей жатыр қазір дайын тұрған. 2020 жылы осы жерлерге минералдық тыңайтқыштар бәрін бергенбіз толықтай, жер түгелдей дайын тұр егістікке, бір кемшілік су жетпейді. Су қоймасы тұрақталса, егер де онда мың гектар игеруге болады бұл жерде. Мың гектарды игеретін болсақ, онда ауданды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, өзіміз де қосымша жем-шөп бағасын түсіріп, етті шығаратын едік үлкен нарыққа. Ең басты мәселеміз, ең қажетті үнімізді жоғарғы жақ естісе деп тілейміз, су керек!

Ал Екпін ауылының іскер азаматы Алмас Ахметкәрімов мың бас ірі қараға арналған бордақы кешенін салып жатыр. Алайда мал азығы оны да қинап отыр.

Алмас Ахметкәрімов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Ет бағасын түсіру, халқымызды етпен қамтамасыз ету негізгі мақсатымыз, сол азық-түлік қауіпсіздігі. Су қоймасы тоқтап қалды, қазір өзімізде негізі 500 гектар егістік жеріміз бар алқап, сол жерге жылда люцерна, көп жылдық шөп өсіріп егетінбіз. Соның бәрі биыл қиын болып жатыр, сол жағынан көмек болса жоғарғы жақтан. Жыл сайын қалады, жыл сайын қалады, жыл сайын баға да өсіп жатыр.

Қайрат Мауадинов, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары: 

- 4037 гектар бекітілген Қарғыба су тоспасына. Бүгінгі күні бұл жердегі шаруа қожалықтарының бәрінің жерлері, еккен жоңышқалары бәрі күйіп кетті. Яғни пайдалана алмай отыр. Бұл да өз есебінде шаруа қожалықтарын жем-шөппен қамтамасыз етуге кедергі болады. Одан кейін жем-шөптің қымбаттауына, мал азығының қымбаттауына әсер етеді. Өткенде мемлекеттік аудитор келіп, санап кетті, атқарған жұмыстардың бәрін қарады. Енді жұмысты аяқтау үшін қосымша 258 миллион теңге ақша керек. 

Ал осыдан 5 жыл бұрын мемлекеттен қыруар қаражат бөлініп, жөндеу жұмыстары басталған Қарғыба су тоспасы қазір толық қуатында жұмыс істей алмай тұр. Өйткені құрылыс материалдары қымбаттап, мердігерлер жобадан бас тартқан. Қазір мұнда шашылған құрылыс материалдарынан көз сүрінеді. 

Болат Көкенайұлы, тілші: 

- Мына жерде ылғалға төзімді, ең мықты цемент маркасы үйіліп жиналып тұр. Алайда бірнеше жыл ашық аспан астында жатқандықтан ол қазір ештеңеге жарамсыз болып, тас болып қатып қалған. Ысырап болып, желге ұшқан ақша деген осы. 

Шерәлі Елшібаев, «Шығыссушар» РМК Ақсуат өндірістік учаскесінің маманы:

- Қазір ескі тоғанмен беріп жатырмыз. Көкбұқа деген каналмен, шаруа қожалықтарының егістіктері күйіп кетпесін деп. Шамамен каналға сыйғанынша беріп жатырмыз. Ол 350-400 гектар ғана шамасы жетеді. Ал егер мына каналмен беретін болсақ 4332 гектар.

Қазсушар мекемесінің жұмысшылары өз күштерімен арықтарды цементтеп, құрылысты аяқтауға күш салыпты. Алайда жұмыс бәрібір толық аяқталмаған. 

Болат Көкенайұлы, тілші: 

- Бұрындары мына тоғанда су гүрілдеп жатқан кезде мына жерде жасыл желекке оранған елді мекен, тіпті балалардың жазғы демалыс лагері бар еді. Қазір олардың бірі де жоқ, ағаштар қурап, елді мекен қаңырап қалған. Тіпті мына көпірдің де керегі болмай қалған.

Қазір аудандық әкімдіктің мамандары облыстық басқармалар мен министрліктерге тиісті өтініш хаттарды жолдағанын айтады. Алайда құрылыс қашан қолға алынатыны белгісіз. 

Болат Көкенайұлы, Медет Өмірханов, Берік Жобалайұлы

Сондай-ақ...