Қарағанды облысындағы Батпақты ауылы жаз мезгілінде ауыз сусыз қалады

Қарағанды облысындағы Батпақты ауылының тұрғындары «өркениетті заманда күн кешіп, жаз мезгілінде ауыз сусыз қаңсып қаламыз» деп налып отыр. Айтуларынша, тіршілік нәрі құбырдан тек түнгі уақытта келетін көрінеді.

Ал жақында су станциясына найзағай түсіп, ондағы насос өртеніп кеткен. Салдарынан үлкен ауылда бір апта бойы су болмаған. Ал әкімдік болса су тапшылығына тұрғындардың өздерін кінәлап отыр.

Наталья Шмидттің көп балалы жанұясы Батпақтыда баяғыдан бері тұрып келеді. Өздері ауылдың төменгі жағынан қоныс тепкен. Жаздың аптап ыстығында түнімен тамшылап аққан суды кірпік ілмей күзетіп отыратынын жасырмайды. 

Наталья Шмидт, Батпақты ауылының тұрғыны:

- Жаңбырлы күндері судың ағыны қатты. Ал ыстық болса сусап қаламыз. Себебі тұрғындардың көбі бау-бақшасын ауыз сумен суарады. Салдарын біз тартамыз. Таңғы 5-6 ға дейін үйдегі бос ыдысты суға толтырып отыратын күндеріміз болады.

Әкімдік болса, ауылдың тұрған жерінің өзі жерасты суларынан алыста екендігін айтады. Сондықтан құбыр 12 шақырым қашықтықтан тартылған. Алыстан жеткізілетіндіктен кез келген насос шыдас бермейді, ал қысымы әлсіздеу.

Асқар Жанарыстанов, Батпақты ауылдық округінің әкімі:

- Ауыл тұрғындарын жинап, комиссия құрып, судың құнын орнатқанбыз. Қазір ол жан басына шаққанда 300 теңге. Бұл тариф қазір арнайы комитетте бекітіліп жатыр. Ауылда 300-ге жуық түтін бар, суға сұраныс жыл сайын артып келеді.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, тілші:

- Судың да сұрауы бар дегенді Батпақты ауылының тұрғындары жақсы түсінеді. Себебі жоғары ауылдың тұрғындары бау-бақшаны күнделікті ауыз сумен суарып, төменгісіне су жетпей қалуы әдетке айнала бастаған. Енді жергілікті әкімдік әр үйге су есептегіш қоймақшы, соның нәтижесімен тұрғындар су көлеміне ақша төлесе үнемделіп, кейін ол бәріне жете ме деген үміт бар.

Былтыр 40 жыл бойы жөндеу көрмеген су құбыры толық ауыстырылыпты. Енді бұл қызметті коммуналдық қызметке өткеру жұмыстары бар. Кейін олар есептегіш құралын орната бастайды. Бұл оң нәтиже беруі тиіс. Себебі көршілес ауылдардағы су тапшылығы проблемасы дәл осылай шешіліпті.

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев