Ақтөбеде ауыл шаруашылығы мамандарына арналған семинар өтті

Ақтөбедегі «Айс» шаруа қожалығы тәулігіне 32 тонна сүт сауады. Батыс өңірін сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отырған кәсіпорын өндіріске жаңа технологиялар енгізген. Нәтижесінде әр гектардан 10 тоннаға дейін мал азығын жиып, жоңышқаны шетелге экспорттауды да қолға алған. Еліміздегі үлгілі кәсіпорын өкілдері әріптестерімен тәжірибе алмасуға да әзір. Ақтөбеде ауыл шаруашылығы мамандарына арналған техникалық семинар өтті.

Мыңнан астам сүтті сиырдың бір жылдық жем-шөбін қамдауға 3 гектар жердің өзі жеткілікті. Мұны «Айс» фермасы әлдеқашан дәлелдеген. Шаруа қожалығы жаңа технологияларға иек артып, мал азығының түсімін бірнеше есе ұлғайтқан. Нәтижесінде сиырлар тәулігіне 32 тонна сүт береді. Кәсіпорын қазір мал шаруашылығы саласындағы мамандардың назарында. Сондықтан Ақтөбеде өткен техникалық семинарда «Айс» компаниясының өкілдері өз тәжірибелерімен бөлісті.

Қуаныш Есжанов, «Айс» сүт компаниясының директоры:

- Өндірістегі бұл жетістіктердің барлығы ғылымның арқасы. Күнделікті тәжірибеміз ғылыми негізделген қадам. Сондықтан онымен бөліскіміз келеді. Екі күн семинар өткізіп, үшінші күні өндірісте тәжірибелік тұрғыдан үйрететін боламыз.

Шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 70-тен астам шаруа қатысуда. Барлығы да сиырдың сүтті тұқымына ден қойған қожалықтардан. Семинардың мақсаты отандық фермерлердің білім деңгейін арттыру болғандықтан әлемдік деңгейде жетістікке жеткен ғалымдар да тәжірибесімен бөлісті. Және басқосудың Ақтөбеде өтуі де тектен тек емес. Себебі өңірде ауыл шаруашылығы саласы ерекше назарда. Алдағы 5 жыл ішінде 313 миллиард теңге инвестиция салынуы тиіс.

Жақсығали Иманқұлов, Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары:

- 313 млрд теңгеге 75 жоба жүзеге асырылады. Оның ішінде 17 сүт өндіру фермасы, қуаттылығы 48 мың тонна, ол іске қосылады деп сенеміз.

Солардың бірі «Айс» сут фермасында жүзеге асырылады. Нәтижесінде жергілікті сүт өнімдерінің көлемі де 3 есе артады деп күтілуде. Жалпы бюджеттен биыл 21 миллиард 400 миллион теңге ауыл шаруашылығы саласына бөлінген. Оның 6 миллиарды мал шаруашылығына тиесілі. 6,7 миллиард теңге төрт түлік жем-шөбін субсидиялауға бағытталып отыр. 

Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков