Балқаш көлі жағалауындағы қоймаға қорғасын ұнтағы тасылып жатыр

Балқаш көлінің жағалауында орналасқан қоймаларға алматылық компанияның бірі қорғасын ұнтағын тасып жатыр. Өндіріс қалдығы қоршаған ортаға зиян келтіріп, халықтың денсаулығына зардабын тигізуі мүмкін деп алаңдаулы Қарағанды облысындағы Шашубай кентінің тұрғындары.

Шашубай кентіндегі бұл зауытта бір кездері алтын өндірілген. Кейін кәсіпорын тоқтап, қаптаған ғимарат қаңырап бос қалады. Банкте кепілдікте тұрған бұл нысанды биыл алматылық компания сатып алып, Балқаштан қорғасын ұнтағын таси бастайды.

Өндіріс қалдығы сақталған мына қоймалар тура елді-мекеннің іргесінде орналасқан әрі су қорғау аймағында тұр. Тұрғындарды алаңдатып отырған да осы. Сондықтан олар бұл нысандардың мүлдем жабылғанын қалайды.

Мына бейнекадрлерді жергілікті тұрғындар түсірген. Айтуларынша, қазірдің өзінде бір қойма қорғасын ұнтағына толып тұр. Екіншісіне де толассыз жеткізіліп жатыр екен. Тұрғындар өндіріс қалдығынан іргедегі көлге зиян келе ме деп қорқады.

Нұртас Өміршеков, Шашубай кентінің тұрғыны

- Қорғасын бар, мышьяк бар. Ауыр металдар, улы заттар. Ол ертең суға сіңеді ғой, ауамен шаңы ұшады ауылға. Мына жерде қаншама кішкентай балалар ойнайды. Денсаулыққа зиян. Онкологиялық аурулар пайда болады. Суға кетіп қалса, балық қырылады.       

Әу баста бұл жерде қорғасын өндіретін зауыт салынады деген әңгіме ел арасында желдей ескенімен, кейін құрылтайшылар бұл ақпаратты жоққа шығарды. Телефонмен тілдескенімізде, олар зауыттың басқа жерде ашылатынын айтты. Ал ұнтақтан қорғасынды түгел сүзіп алынған соң, қалған қалдық Семейге жөнелтілмек. Бірақ тұрғындар бұл уәжге күдікпен қарайды. Олардың наразылығынан соң мұнда жоспардан тыс тексеріс жұмыстары басталған болатын. Нысан Балқаш көлінен 450 метр қашықтықта орналасқанына қарамастан экологтар мен «Балқаш-Алакөл бассейндік инспекциясы» мамандары қоймадан келетін қауіп жоқ деген қорытынды шығарған.

Дархан Есжанов, Экология департаменті басшысының орынбасары

- Өндірістік өнімнің қоймада тұрғанына 6 айдан аспаған әрі сапа сертификаты бар екен. Қорғасын ұнтағы арнайы қаптарға салынған. Біздің мамандар қойманы, оның аумағын мұқият тексерді, түрлі сынамалар алынды. Нәтижесінде ешқандай экологиялық талаптардың бұзылмағаны анықталды. Яғни өндірістік өнімнен қоршаған ортаға зиян келмейді.

Жергілікті әкімдіктің айтуынша, құрылтайшылардың құжаты түгел. Яғни заң шеңберінде жұмыс істеп отыр. Бірақ соған қарамастан қазір қоймалар уақытша жабылды. Әкімдік мамандары тексеріс қорытындысының қаншалықты заңды екенін білу үшін қадағалаушы органға хат жолдаған.

Абылай Базылұлы, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары

- Экология департаменті мен Балқаш-Алакөл су қорғау инспекциясының тексерген актілерінің қаншалықты дұрыс, дұрыс емес екендігі жөнінде облыстық прокуратураға сұраныс жіберген болатынбыз. Жауап келген жоқ. Осы аптада келу керек. Содан кейін әрі қарай жұмыс істейтіні, істемейтіні жөнінде тиісті шараларды қабылдайтын боламыз.

Демек егер прокуратура тексеріс нәтижесін заңды деп тапса, жұмыс жалғасады. Бірақ ашынған тұрғындар оған жол бермейміз деп отыр.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев