Халық ауыл әкімдерін 25 шілдеде сайлайды

Ауылдық округ әкімдерін сайлау қарсаңында ел ішінде сайлауалды науқан басталды.

Осы күндері өзін-өзі ұсынатын кандидаттардың құжаттарын қабылдау жүріп жатыр. Халық шілде айында 730 елді-мекеннің жаңа басшысын таңдайды. Қалған әкімдерді өкілеттік мерзімдері аяқталғаннан кейін сайлайды.

Бұл науқанның жөні бөлек, жосығы ерек болғалы тұр. Бұрын-соңды мұндайды өткізіп көрмеген едік. Ауыл әкімдерін халық сайлайды енді. Осы жаздың маңызды саяси оқиғасы шілденің 25-іне белгіленді. Бұл күні бұқара 730 ауыл әкіміне дауыс береді. Қара үзгені қайыс креслоға жайғасады.

Сайлауға түсетін кандидат 25 жастан асқан, бұрын сотталмаған, Қазақстан Республикасының азаматы болуы тиіс. Жоғарғы білімі де болуы шарт.

Шыңғыс Лепсібаев, құқық қорғаушы:

– Бұл – Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қабылдаған маңызды қадамдардың бірі. Өйткені реформа жергілікті басқару жүйесіне қатысты көзқарасты түбегейлі өзгертеді. Яғни ауыл тұрғындары өздерінің көңілінен шығатын және әлеуметтік талаптарын орындай алатын әкімін таңдайды. Соңғылары да жергілікті халықтың қолдауына ие болса, өзінен жоғары тұрған аудан басшысы алдында да белгілі бір саяси салмаққа ие бола алады.

Талапқа саймын дегендері тап қазір алақанын ысқылап отырған шығар. Өзін-өзі ұсынған азамат кемі екі жыл мемлекеттік қызметте яки екі жыл жеке кәсіпорында жетекшілік жұмыс істеуі тиіс. Ал ешбір жерде ресми жұмыс істемеген азаматтар ауыл жайын жақсы білсе де, сайлауға қатыса алмайды. Ауылдастың атын оздырмай, ағайынның тайын оздырып жіберетіндер табылады әйтпесе. 

Сұлтанбек Мәкежанов, ҚР Парламенті сенатының депутаты:

– Бұл заңдағы аса көңіл бөлетін жаңашылдық – ол әкімдікке үміткер азаматтың өзін-өзі ұсынуы. Бұл жағдайда әлгі азамат сайлаушылардың 1 пайыз қолын жинауы керек. Және бұл норманың өзі сайлау процесін демократиялығының және бәсекелестікті қамтамасыз ететін өте маңызды шарттардың бірі деп есептейміз.

Ауыл әкімдерін осыған дейін де сайлап көрген едік. Айталық, 1999 жылы Шамалғанға бір әкімді қолқалап жүріп қалың бұқара қонжитып қойған еді. Қазіргілер сол басшының атын да білмейді. Тап осындай эксперимент 28 елді мекенде жасалған. Бірақ соның бәрі ойдағыдай болмады.

Индира Рыстина, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бөлім басшысы:

Бұл жердегі маңызды нәрсе - трайбализмнің болуы. Яғни ауыл әкімін сайлаған кезде жеке қасиеттеріне не болмаса қабілеттеріне қарай емес, оның тұрғылықты мекенжайына, болмаса шығу тегіне қарай ауыл әкімі сайланып кетуі мүмкін деген қорқыныш сезімдері бар. Бірақ жүргізіліп жатқан зерттеулерді қарайтын болсақ, әлеуметтік сауалнамаларға жүгінетін болсақ, бүгінгі күні Қазақстандағы қоғамның алдында тұрған ең маңызды міндет - әкімді сайлаған кезде оның жеке басының қасиеттеріне мән беру.

Ауыл әкімдерінің өкілеттік мерзімі өзгерген жоқ. Олар бұрынғысынша 4 жылға сайланады. Ескерте кетейік, бұрын ауыл, елді мекен немесе аудан әкімдеріне кандидатты қала басшысы ұсынатын. Сөйтіп, жергілікті мәслихат депуттары дауыс беріп сайлайтын еді.

Авторлары: Ж.Біркенов, Д.Сейілхан.