424,37 503.77 5.77
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шардара су қоймасында браконьерлікпен айналысқандарға сот үкімі шықты

  • 95
  • UPD: 10:32, 30.06.2021
Шардара су қоймасында браконьерлікпен айналысқандарға сот үкімі шықты

Түркістан облысы Шардара су қоймасында браконьерлікпен айналысқан ерлі-зайыптылар мен екі жергілікті тұрғын алты және жеті жылға сотталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың жазында жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде Түркістан облысы ПД жедел уәкілдері Шардара су қоймасында бірнеше жыл жұмыс істеген браконьерлердің қылмыстық тобын ұстаған болатын. Содан кейін ұсталғандарды тінту кезінде күдіктілерден 13 қайық пен балық аулау құралдары, екі тоннаға жуық жаңа ауланған және ысталған балық тәркіленді. Мемлекетке келтірілген материалдық шығын сегіз миллион теңгеден асты.

Бұл жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 335-бабы (Балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсімдіктерін заңсыз алу) және ҚР ҚК-нің 380-бабы (Билік өкіліне қатысты күш қолдану) бойынша СДТБТ-ға тіркеді. Қылмыстық істі тергеумен облыстық полицияның тәжірибелі тергеушілерінің бірі Алтынай Жолымбекова айналысты.

Осылайша, 2020 жылдың қараша айында айыптау ісі сотқа жіберілді. Араға жеті ай салып, 2021 жылдың маусым айында сот өз шешімін шығарды: Жетісай ауданынан 44 және 42 жастағы ерлі-зайыпты мен 51 жастағы әйел алты жылға және 32 жастағы ер адам жеті жылға сотталды. Сотталған ер адамдар ағайынды.

«Негізі әйелдерге қатысты бостандық олардың кәмелетке толмаған балаларының 14 жасқа толған кезінен бастап шектеулі болады. Ал браконьерлердің қылмыстық тобының қалған мүшелері ҚР ҚК-нің 65-бабына сәйкес келтірілген залалды өтеу және кінәні мойындауы, шын өкінуіне байланысты қылмыстық жауапкершіліктен босатылды», – деп атап өтті Алтынай Жолымбекова.

Хабар 24 телеарнасы