Елордада биыл 143 мың тұрғын газға қосылады

Биыл Нұр-Сұлтанда тағы 143 мың тұрғын үшін газ қолжетімді болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Елордада газ тарату желілерінің құрылысы жалғасуда. Газдандыру барысы туралы елорда әкімі Алтай Көлгінов айтып берді.

«Газдандыру – Елбасының ауқымды жобасы. Бұл жоба экологияны едәуір жақсартуға мүмкіндік береді, өйткені жеке сектор тұрғындары үйін көмірмен жылытпайды, нәтижесінде қауіпсіздік артады, қала тұрғындарының өмір сүру жағдайы жақсарады және т.б. Мысалы, осы жылдың маусым айында Көктал-1 тұрғын алабы газға қосылды, осылайша тағы 2600 үй көгілдір отынмен қамтамасыз етілді. Біз сыртқы желілерді жүргізгеннен кейін тұрғындар оны үйдің ішіне өткізуі керек.

Сонымен қатар, біз Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарына, Агроқалашық (2020 жылы қосылмаған бөлік), Промышленный аудандарына газ тарату желілерін салуды жалғастырамыз. Сондай-ақ, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Күйгенжар, Мичурино, Интернациональный елдімекендерінде газбен жабдықтау желілерінің құрылысын жүргізуде. Биыл тағы 317 шақырым газ тарату желісін саламыз, оның 200 шақырымы бірінші жартыжылдықта салынды.

Осылайша, жаңа жылыту маусымында тағы 7 тұрғын үй алабы газға қосылуға мүмкіндік алады. Мысалы, өткен жылы 43 мың тұрғын газға қосылды. Газдандыру процесі Мемлекет басшысының бақылауында», — деп атап өтті елорда әкімі Алтай Көлгінов.

Өткен жылыту маусымында Железнодорожный, Көктал-2 тұрғын алаптарының және Агроқалашықтың бір бөлігінде тұратын тұрғындар газға қосылды. Сол кезде 345 км кварталішілік желі салынды.

Газдандыру басталған сәттен бастап Нұр-Сұлтан әкімдігі әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың үйін газға көшіру бойынша әлеуметтік көмек көрсету тетігін енгізді. Әлеуметтік көмек алу үшін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтінім жіберуге болады («электрондық өтініштер» — «Қызметке онлайн тапсырыс беру». Пайдалану бағанында «тұрғын үйді газдандыруға әлеуметтік көмек», алушы бағанында – «Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» таңдалады).

Сондай-ақ, өткен жылы газ тарифі төмендетілді. Газдың бір текше метрінің бағасы 45 теңгеден 34,6 теңгеге дейін төмендеді (бұрын бір текше метр үшін 60 теңге бағасын белгілеу болжанған).

Жеке сектор тұрғындары үшін есептегіштерді тегін беру қарастырылған. «Halyk bank» АҚ және «ECOJER» қауымдастығымен елорда тұрғындарына үйлерін газға қосу үшін пайызсыз кредит беру ұйымдастырылды.

Бұдан басқа, жылу электр орталықтарын жаңғырту жұмыстары жалғасуда. ЖЭО-1 және ЖЭО-2-дегі төрт су жылыту қазандығы газға ауыстырылды, қалған қазандықтар осы жылдың соңына дейін газға көшіріледі.