Алматыда вакциналауды бақылайтын жұмыс тобы құрылды

Алматыда вакциналау технологиясының сақталуын бақылайтын арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оның құрамына эпидемиологтар, қоғамдық денсаулық басқармасы мен әкімдік өкілдері енді. Жұмыс тобы екпе салатын орындардағы санитарлық нормалардың сақталуын қадағалайды. Әсіресе, вакцинаны сақтау талабына баса назар аудармақ. Бүгінгі күні мегополисте 208 пункт жұмыс істеп тұр. Өткен тәулікте 12 мың 300-ге тарта адамға вакцина салынды.

Лаура Мырзағали, қалалық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары:

- Кеше жүріп өткен кезде мониторингтік топ негізі әкімшіліктерге біршама тапсырмалар берді. Ол жерде айтылды. Мысалы сауда орталықтарына кірген кезде адамдарға ақпарат көрнекті болу керек. Түсінікті болу керек. Қандай вакциналардың түрлері бар Алматыда. Олардың қандай әсерлері бар. Одан кейін вакциналау пунктеріне қалай бару керек. Адамдар шатасып жүріп қалмас үшін жағдай жасау керек. 8 ауданның әкіміне осындай тапсырмалар берілді.