Қазақстанда ірі қара етін өңдеу кешені салынады

Елде тәулігіне екі мың бас ірі қараның етін өңдейтін кешен салынады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл заманауи өндіріс АҚШ-тың ірі компаниясымен бірлескен жоба. Премьер-министр Асқар Мамин «Tyson Foods» халықаралық бизнес жөніндегі президенті Кристофер Лангхольцпен кездесті. Осы басқосуда аграрлық мультипротеин индустриясын дамыту мәселелері қозғалды. Бірлескен жоба аясында қазақстандық нарық сұранысын қамтып қана қоймай, өнімді экспорттау көзделіп отыр. Бұл да агроөнеркәсіптің іргелес салаларын дамытуға серпін беріп, он мыңдаған жұмыс орнын ашуға сеп болмақ. Өндірістік циклді тұрғызуда америкалық қызмет үлгісі бойынша қазақстандық шаруаларға ақпараттық және консультациялық тұрғыдан көмек көрсетіледі.