ШҚО-да нәрестенің шетінеуі 10%-ке азайған

Шығыс Қазақстан облысында медицина саласын дамыту бойынша облыс әкімі қабылдап, бекіткен кешенді бағдарлама өз нәтижесін беріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тек соңғы бір жылда өңірде ана өлімі 3 есеге, нәрестенің шетінеуі 10%-ке азайған. Аймақта бүгінге дейін 400-ге жуық дәрігер Ұлыбритания, Израиль сияқты елдерге барып, біліктілігін арттырып келді.

Олжас Керейхан, тілші:

- Зайсан қаласының тұрғыны Жанар Мұқанова төртінші баласын ауыр жағдайда босанған. Шала туған шақалақты аман алып қалу үшін дәрігерлер санитарлық авиациямен облыстық ана мен бала орталығына жеткізген. 600 грамм ғана нәресте 20 күннен аса жасанды аппаратпен демалған.

Жанар Мұқанова, Зайсан қаласының тұрғыны:

- Қазір жақсы аман-есен. Балам қасындамын. Үш сағатта келіп қараймыз баланы. Дәрігерлердің бәріне рахмет айтамын.

Облыстық ана мен бала орталығындағы реанимация бөліміндегі құрал-жабдықтар соңғы 10 жылда толық жаңартылды. Бұл дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп, жас нәрестелердің өмірін сақтап қалуда септігін тигізіп отыр.

Маржан Дайрабаева, облыстық ана мен бала орталығының директоры:

- Біздің реанимация орталығында былтыр 88 бала болса, бір жылдың ішінде бірінші тоқсанда түскен 26 болды. Биыл бізде 8-ақ қана бірінші тоқсанда шала туған балалар бойынша. Ал өмір сүру көрсеткіші жоғары болып жатыр.

Бұрын жүрекке, миға және аяқ-қолға күрделі операциялар тек ірі медицинаық орталықтарда жасалатын. Енді ондай науқастар алысқа сабылмайды.

Қуатжан Әбішов, облыстық аурухана бас дәрігерінің орынбасары:

- Науқасты диагностика жасап, түгел зерттеп, операция бәрі өізімізде жасалады. Бұрын науқастардың көбі Нұр-Сұлтанға Алматыға, Новосібірге жіберілетін. Қазір облыстағы науқастар осы ауруханада емін алады.

Шет елде біліктілігін арттырып келген дәрігерлер сол жақтағы жетекші клиникалардың хаттамасындағыдай науқастарды емдеуді бастады.

Ермек Омарбеков, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

- Біздің облыста дәрігерлерді оқытудың үш кезеңдік бағдарламасы жүзеге асып жатыр. Оны облыс әкімі өзі қабылдап, бекітті. Оған денсаулық сақтау саласын қайта жаңғырту да енді. Нәтижесінде ауруханалардағы құрылғылардың 60-70%-і жаңарды.

Биыл тағы 80-ге жуық дәрігер Израиль мен Польшада біліктіліктерін арттырмақ.

Авторлары: Олжас Керейхан, Дмитрий Пыхтин