424,51 504.55 5.79
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елорда іргесіндегі Қызылсуат ауылында ұялы байланыс жоқ

  • 121
  • UPD: 20:50, 30.06.2021

Байланыс аясынан тыс жерде. Елорданың дәл іргесіндегі Қызылсуат ауылы тұрғындарының телефон қосса еститіні осы.

«Цифрлық технология дамыған заманда өркениет көшінен қалдық», деп талай жерге барған тұрғындарға ұялы байланыс операторларының ешқайсы жарытып жауап қатпапты.

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Бұл – Нұр-Сұлтаннан 8 шақырым жерде орналасқан Қызылсуат ауылы. Елорданың іргесінде орналасқанымен ұялы байланыстың қызығын көре алмай отыр. Тұрғындар желі іздеп әбден әбігерге түскенін айтады.

Бұл елді мекеннің халқына алыстағы ағайынымен байланысу қиынға соғып тұр. «Кейде өркениет игілігінен мақұрым қалғандай күй кешеміз», дейді. Бас қалаға тиіп тұрса да, ұялы байланыс нашар. Тұрғындар телефонмен қоңырау шалу үшін төбе біткеннің үстіне шығып, ашық жер іздейді. Оның өзінде байланыс бірде бар, бірде жоқ. Сол себепті мұндағы жұрт ұялы телефонын үнемі желіні тартады-ау деген жерде қалдыруды әдетке айналдырған. Ал, интернеттің сапасын айтпаса да түсінікті.

Баян Сәденова, Қызылсуат ауылының тұрғыны:

- Нұр-Сұлтаннан алыс емес. Сол жағалау бізден 8 шақырым ғана. Астананың жанында тұрамыз. Бізге қазір интернет керек.

Гүлнәр Әжібекқызы, Қызылсуат ауылының тұрғыны:

- Ең басты проблема – интернеттің жоқтығы. Бір жерде ұстап, бір жерде ұстамайды. Ана бөлме, мына бөлме болмай сыртқа шығып кетеміз.

Бақыт Барманқұлов, Қызылсуат ауылының тұрғыны:

- Осы ауылға келгелі 15 жыл болды. Келгелі интернеттің қиыншылығын көріп келеміз. Мен ғана емес, бүкіл ауыл. Әр үрлі операторды ауыстырдық. Онлайн үйде оқығанда қиын болды. Кейде интернет істемей, қалаға туыстардың үйіне барған кездер болды балалар.

Амалы таусылған ауыл жұрты базынасын айтып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне хат жолдапты. Жауаптылар бүгін ауылда ұялы байланыстың нашар аймақтарын анықтау бойынша жұмыс жүргізді. Енді осытексерістен кейін, мобильді интернет желісінің сапасы жақсармаса, ірі операторларға айыппұл салынады.

Ержан Мейрамов, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникация комитетінің төрағасы:

- Осы мамыр айында ғана ұялы байланыстың сапасына қатысты өлшемдерге өзгеріс енгізген болатынбыз. Қазір біз тексеру барысында осы талапқа сай болмай шықса, әкімшілік жауапқа сай айыппұл саламыз. Ірі үш оператордың бірі қазан айына дейін байланысты жақсартамыз деп отыр.

Ұялы байланыс операторларына салынатын айыппұлдың көлемі 100 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Бұл аузын айға білеген ірі операторлар үшін «көлге құйған тамшыдай» ғана. Десе де, бұған жауапты министрлік болашақта айыппұлдың салмағын едәуір ұлғайтуды жоспарлап отыр. Ал, министрлік өкілі қызылсуаттықтар қазан айына дейін байланыс аясында болады деп сендірді.

Авторлары: Айнұр Қуатқызы Жандос Битабаров

Хабар 24 телеарнасы