ҚХА-ның ІІ сессиясында Шымкенттің 30 жылда жеткен жетістіктері айтылды

Тоқсаныншы жылдары шымкенттіктердің саны 400 мың болса, қазір 1 миллион адамнан асты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әр екінші тұрғын тәуелсіздік жылдары дүниеге келген. 30 жыл бұрын қалада 72 мектеп болса, қазір 186 мектеп 200 мыңнан астам балаға білім береді. Тұрғындардың өмір сүру ұзақтығы да өсті. Шаһардың 30 жылда жеткен жетістіктері Қазақстан халқы Ассамблеясының ІІ сессиясында айтылды.

Мұрат Әйтенов, қала әкімі:

- 1994 жылы қаламыздың бюджеті 1 млрд теңге болатын. Қазіргі кезде 481,5 млрд теңгені құрап отыр. Жолымыз осыдан 1994 жылдары 885 шақырым ғана болған Шымкент қаласында. Соның ішінде көбісі асфальттанбаған. Қазір 3500 шақырымнан асып, үлкен жұмыстар атқарылып жатыр.

Қалалық Ассамблея сессиясында сөз алған Тимур Пак пен Кристина Бойко көптің ықыласына бөленді. Тимур денешынықтыру пәнінің мұғалімі болса, Кристина филология факультетінің студенті. Олар болашақта қазақ тілі мен әдебиетінің дамуына үлес қосатынын жеткізді.

Кристина Бойко, студент:

- Қазақ тілі қиын, ауыр деген ол құр сылтау ғана. Егер сенің шын ниетің болса тілді үйренудің еш қиындығы жоқ. Осы 30 жылдың ішінде барлығы 30 ауыз сөзді меңгермеген азаматтарымыз да бар. Бұл өте ұят жағдай. Өз басым тілге құрмет көрсетпеген аға буынның елге деген құрметі шынайы дегенге күмәнім бар.

Тимур Пак, Корей этномәдени бірлестігінің мүшесі:

- Қазақстандық корей отбасында тәрбиеленіп өскен қарапайым азаматпын. Мен Шардарада туылып, Жетісайда жетілдім. Осы Шымкентте шыңдалдым. Ауылда өскендіктен болар, қазақ тілін жетік меңгердім. Қазақи тәрбие алдым. Осы қазақ тілді білгенімнің арқасында қазақтың көркем әдебиеті, соның ішіндегі Абай шығармаларына деген қызығушылығым мені бірталай шыңдарға шығарды.

Шымкент қаласындағы Қазақстан халқы Ассамблеясында 17 этномәдени бірлестік бар. Ақсақалдар алқасы, аналар мен іскер әйелдер бірлестігі, жастар қанаты мен жексенбілік мектептің үйірмесі жұмыс істейді.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Азамат Саметов, Нұрмахан Бекмұратов