Ақмола облысында карантин қайта күшейтілді

Ақмола облысында карантин қайта күшейтіліп, Ashyq жобасына қатыспайтын барлық сауда және мәдени нысандардың жұмысы тоқтатылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көрермен жинайтын спорттық шараларға да тыйым салынды. Ал, ұжымы 20 адамнан асатын кәсіпорындар, жұмысшыларының 80%-ін қашықтан жұмыс істеуге жіберуге тиіс. Сондай-ақ демалыс күндері Ashyq жобасына қосылмаған нысандар жұмыс істемейді. Жексенбі күні жабық базарлар өз жұмысын тоқтатады. Жаңа карантиндік талаптар 3 шілдеден бастап күшіне енеді.

Айнагүл Мусина, облыстың бас санитар дәрігері:

- Қаулының толық мәтінімен біздің сайтымызда таныса аласыздар. Бұл өте маңызды. Себебі, брифингте біз негізгі шектеулерді ғана айтамыз. Ал, бүге-шүгесіне дейін білу үшін құжатты анықтап қарап шығу керек. Өткенде бір кәсіпкер маған: «мұндай талаптар брифингте айтылған жоқ» деп реніш білдірді. Сондай түсініспеушіліктер болмасы үшін құжатпен танысып шығыңыздар.