Тарбағатай тұрғындары шешусіз жатқан түйткілді мәселелер туралы шағымданды

Тарбағатай тұрғындары шешусіз жатқан түйткілді мәселелер туралы шағымданды

Редакциямызға Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданының тұрғындары әлеуметтік түйткілдердің түйіні тарқамай жатқаны туралы арызданып отыр. Аудан орталығындағы «Бөрітостаған» шағын ауданы осыдан 7 жыл бұрын бой көтерген. Алайда содан бері не сапалы ауыз су, не жол, не жарық жоқ. Халық тіпті өз күшімен бағаналар орнатып, электр қуатын тартуға тырысқан. Дегенмен, бұл өте қауіпті деп алаңдайды жұрт. 

- Бағананы өзім әкелдім, столба керек дегеннен кейін әкеліп байлатып, дайындап қойдым, мынау шұңқырлар осыған орнатуға.

Төлентай асқақал электр қуатына жарымай отырған «Бөрітостаған» шағын ауданы тұрғындарының бірі. Тіпті бағанасы мен кабеліне дейін сатып әкеліп дайындап қойса да әлі күнге нәтиже жоқ. Аудан орталығының шетінен бой көтерген жаңа елді мекенде басқа да түйткілдер жетерлік.

Төлентай Еңсенов, зейнеткер:

- Су дегеніңіз осыдан 2 жыл бұрын тартты, оның өзінде мал түсті, әйтті-бүйтті келесі жылы жөндейді деді, қалды сонымен. Жолды міне биыл сызды нобайын, одан басқа ештеңе жоқ.

Салтанат Мәжренова, көп балалы ана:

- Өзім тартқыздым, 40 метр кабель алып, жарық құрғыздық. Содан кейін арғы жақта үй салатын кезде ана көршіге бір барып, мына көршіге бір барып жарық сұраймыз. Маған оңай тиген жоқ ештеңе 4 баламен әрі-бері жүру деген.

Талғат Қасымбаев, «Бөрітостаған» шағын ауданының тұрғыны:

- Орнатылған бағаналар міне қисайып-қисайып тұр ғой енді, өзіміз жердимен тартып қойғанбыз, осы жерден алып тұрамыз жарықты жердимен алып тұрамыз, 3-4 ағаш, 5-6 ағаш, шіріп бітті, тез шіріп кетеді екен. Құлағалы тұр ғой өзі. 

Қолдан орнатқан бағаналар шынымен өте қауіпті екені анық көрініп тұр. Қатты жел мен дауылда мына салбырап тұрған желілердің не болатынын ойлаудың өзі қорқынышты. Ал ауыз суды әркім құдық қазып, содан ішіп отыр. Оның да сапасы бір Құдайға аян. 

Арай Талғатбекова, көп балалы ана: 

- Міне құдықтарды қараңыз, су тартып қойған иә, беті бәрі құлап жатыр цементтері шет-шетінен құйып қойған. Оның тереңдігі 4 метрден асады, асты бәрі су. Оған бала-шаға құлап кетуі мүмкін. Сондықтан дұрыс жасалмаған бәрі. Кешке жақын мысалы, мотор қоса алмаймыз, тоқ шәугім, пеш, тен деген нәрселер ештеңе қоса алмаймыз. Өйткені жанып кетеді, көтермейді. Одан кейін жел соқса, жаңбыр жауса, жарық өшеді міне 19-ғасырдағыдай. Міне болады, осы жылы болады деген жауап алып жүрміз жылда есебінде. Біз міне 2014 жылдан бері тұрамыз, 7 жыл болды.

Жол азабын да жұрт тартқалы қашан. Әсіресе көктем мен күз айларында машиналар батпаққа батып, діттеген жеріне жете алмайды екен. Ол ол ма, жедел жәрдем көлігін шақыру қиын дейді зейнеткерлер. 

Дәметкен Тоғанасова, зейнеткер: 

- Анау жақтан бұрылыстан бері қарай жүргенге дейін өте батпақ болады да өзіміз де аяғымызды алып жүруге мүмкіндік болмайды. Осы жақта бірнеше үлкен адам тұрамыз ауырып-сырқаған кезде жедел жәрдем көлігінің өзі жүруі жаңбыр жауғанда клей сияқты батпақтан қиналамыз. 

Ришат Баталов, «Бөрітостаған» шағын ауданының тұрғыны: 

- Шамамен 200-дің үстінде халық тұрады осы жерде 50 үй бар. Кешкісін, таңертең, түсте тоқ тартпайды, нашар. Өйткені біз бір КТП-дан 50 үй алып отырмыз, оның өзі линия болмағандықтан міне мынандай жерди, құрылыс материалымен, сонымен тоқ тартып отырмыз. 800-700 метрге дейін тартып отырмыз.  

Ал аудандық әкімдіктің атқамінерлері бұл мәселелермен жақсы таныс. Алайда түйткілдер кезең-кезеңімен шешіледі деп сендіреді. 

Ерсін Ескендіров, Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары: 

- 2022 жылға өтпелі жоба, бірақ ол азамат биылға су құбыры бәрін 100 процент іске қосамын деп, жұмыс істеп жатыр. Қазіргі қарқыны жақсы, енді жол мәселесіне келетін болсақ, осы су құбыры біткеннен кейін асфальт жұмыстары жүреді. Жарық мәселесіне келетін болсақ, ауылдың әкімі бүгінгі таңда «Шығысэнерготрейд» компаниясымен жұмыстар жүргізіп жатыр. Құжаттарын жинап, договорға отырады, содан кейін жарық мәселесі шешіледі деп жоспарлап отырмыз. 

Биыл осы аудан тұрғындары үшін 300 орындық мектеп салу үшін жобалық-сметалық құжат дайындауға қаржы бөлініпті. Келесі жылы әлеуметтік нысан құрылысы басталады деген жоспар бар.