Алматы облысында ер адамды Шарын өзенінің ағыны алып кетті

1 шілдеде сағат 11:15-те «112» пультіне Алматы облысының Кеген ауданында 1984 жылы туған ер адамды Шарын өзенінің ағыны алып кеткені туралы хабар келіп түсті.

ҚР ТЖМ баспасөз қызметінің мәліметінше, іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін оқиға орнына тез арада Алматы облысы ТЖ департаментінің күштері мен құралдары жіберілді. Олардың жалпы саны жеке құрамнан 15 адам мен 4 бірлік техника. Оқиға орнына сағат 12:05-те ТЖМ Республикалық жедел-құтқару жасағының құтқарушылары да жіберілді. Олардың жалпы саны жеке құрамнан 8 адам мен 1 кинологиялық қызмет есебі. Сағат 13:00-де оқиға орнына «Қазавиақұтқару» АҚ-ның тікұшағы ұшты.  Қосымша күштер мен құралдар жіберілетін болады.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, ер адам туристік топпен жүріп, фотоға түсу кезінде қауіпті аймақта аяғы тайып кетіп, суға құлаған. Оны өзен ағыны алып кетті.