Шымкентте вирустың дельта штамы анықталды

Шымкентте де вирустың дельта штамы анықталды. Осыған байланысты қала эпидемиологиялық ахуалдың «қызыл аймағына» өтті.

Үнді штамының табылғаны туралы әлеуметтік желіде қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан жазған.

Айтуынша, өткен тәулікте 143 адам вирус жұқтырған. Ішінде бір айға да толмаған сәби де бар. Айта кеткен жөн, бұл штамның жұғу көрсеткіші алдыңғыларынан 60 процентке жоғары. Ғалымдардың зерттеуі бойынша өзгерген вирус ауруды асқындырып жіберуі мүмкін. Сондықтан қоғамдық орындарға барудан бас тартып, әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Маска тағып, имунитетті арттыруы қажет, дейді дәрігерлер.

Мамандар соңғы аптада вирус жұқтыру көрсеткіші екі есе өскенін айтады. Алматы және Шымкент қалаларымен қатар «қызыл аймаққа» елорда, Атырау, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстары кірген. Ал «сары аймаққа» Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Маңғыстау және Павлодар өңірлері еніп отыр.