76 млн теңге шығын келген: жетімдер үйінде заңбұзушылықтар анықталды

Қаржылық барлау Қаржылық мониторинг агенттігінің аумақтық департаменттерімен бірлесіп, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелерде 21 заңбұзушылықты анықтады.

Жалпы шығын сомасы 76 млн астам теңгені құрады.

Ең жиі жасалған бұзушылықтар қатарында қызметкерлерге жалақыны заңсыз есептеу және оларды бухгалтерлердің иеленуі, тауарлар мен азық-түлікті жоғары бағамен сатып алу, сеніп тапсырылған мүлікті ысырап ету сияқты деректер болды. Мысалы, мекемелердің бірінде зағиптарға арналған бағдарламалық қамтамасыз етуі бар ноутбуктерді сатып алу кезінде бюджетке келтірілген шығын 17 млн теңгеден асты.

Аумақтар мен ғимараттарды абаттандыруға және ағымдағы жөндеуіне арналған бюджет қаражатын ұрлау деректері де орын алды. Мәселен, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған бір арнайы мектеп-интернатта 3 млн теңге жымқырылған. Қаражат асхана шатырын жөндеуге бөлінген еді.

Қазіргі уақытта заңбұзушылықтар бойынша тергеу шаралары жүргізілуде.

Бұл деректер агенттіктің қаржылық барлау қызметкерлері жүргізген терең және жан-жақты талдаудың арқасында анықталды. Бұл әлеуметтік мекемелердің қызметіне араласпай оларға тексеру жүргізуге және бұзушылықтарды анықтауға мүмкіндік береді.

Барлық анықталған бұзушылықтар Экономикалық тергеу қызметіне тапсырылды.

Естеріңізге сала кетейік, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың құқықтарын қорғауды басым міндет ретінде айқындады. Мемлекет басшысы жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелер мінсіз орындалуы тиіс екендігін көрсетті.

Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау үшін ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен өзара іс-қимыл туралы меморандумға қол қойып, Qamqor әлеуметтік жобасын іске асыра бастады.

Бұл жоба құқықбұзушылықтарды анықтауға ғана емес, сондай-ақ балалардың құқықтарын қорғау жүйесіндегі әлсіз тұстарды жоюға бағытталған.

Қазіргі таңда 15 мекемеде тәуекелдер анықталған. Өндірісте 16 қылмыстық іс бар.

Сондай-ақ...